Украина басқыншымен соғысуда. Қазақстан бейтарап ұстанымын жариялады, тіпті – Ресейге қарсы санкцияны да қолдап, ЛХР мен ДХР мойындамау туралы  да қаттырақ мәлімдеме жасады…  Тоқаевтың бұндай мәлімдемесін ұқпау үшін алдыңғы күні туған аңғал адам болу керек, болмаса «тоқаевшыл» әбден әккі болу қажет: бұндай мәлімдемені Тоқаев Путинмен келіспей жасауы әсте де мүмкін емес.  Өйткені Тоқаевтың Ресейдің вассалы екенін куәлік ететін фактілер көп әрі фактор да жетерлік, әсіресе, оны Путин 2022 жылғы қаңтарда құтқарғаннан кейін жетіп артылады. Бұны осы бір «тым батыл мәлімдемеге» деген креміл тарапының адам байқардай назар аудармауынан-ақ білуге болады, және де Қазақстан Ресей үшін соншалықты ешбір күтпеген және жайсыз нәрсе істеген де жоқ.  Шамасы Путинге дәл қазыр осындай Қазақстан керек болар: ресми түрде батыл әрі еркін, және бұл декорацияның артында жасырынған, санкция ахуалына сай Ресейге «донор» болса болды.  

Кез келген билікті – оның сөзі мен уәдесіне қарап бағалауға болмайды. Бұл жанрда Тоқаев шебер болып алды. Билікті тек қана ісіне қарап қана қарау керек. Ал бұл жақта айырма жер мен көктей.  

2011 жылы желтоқсанда Назарбаев Жаңаөзеннің қарусыз мұнайшыларына оқ боратты. 17 адам өлді де бұл ұлттық қасірет болды, әрі Назарбаевқа жуса да кетпейтін күнә болып тағылды, өйткені ол атып өлтіруге өзі бұйрық бергенін мойындамады. 2022 жылы қаңтарда Қазақстанның бүкіл өңіріндегі наразыларға Тоқаев тікелей әйгілеп тұрып «ескерусіз атып өлтіруге» берген қаныпезер бұйрығын бүкіл әлем естіп, әшкере болды.

Дипломат үшін бұл нағыз жыртқыш кәсіби қате еді. Оның үстіне бұл заңсыз бұйрық еді, бұны дені дұрыс әлемнің түкпір-түкпірі солай қабылдады.  Бұндайға Тоқаев тек қана бір жағдайда бара алады – Путиннің қысымымен ғана, КСРО КГБсының кәсіпқой манипуляторына 100% меңгермелі Қазақстан керек болғасын осыған қол жеткізді.  Өзін өзі қарабет еткен диктатордан артық отар етер елге басқа қандай билік лайық еді …

Салдарында – үш жүзге тарта өлік көшеде қалды, олардың арасында бала-шаға мен егде кісілер де бар… Соның кесірінен – түрмелерде мыңдаған азаптау ахуалы орнады, ондаған адамдар шыдамай өліп кетті, қорғаусыз жабық сот болды, полицейлердің құтырынған қылықтары салтанат құрды… Назарбаевтың өлтірген 17 адамына қарсы Тоқаев бұйрығы қырған үш жүздей адам мен «қазақ гестапосының» қинауына түскен ондаған бейкүнә жандар…

Президенттің сандуғаштай сайраған уәделері мен елдегі нақты істеген істерінің айырмасын әбден жалаңаштаған статистика саяси қамалғандардың саны болды. Бұл кәзіргі биліктің «демократияшыл» индикаторы еді; мысал ретінде алсақ – Украинада саяси қамауда мүлдем адам жоқ. «Януковичтің  сот жүйесінің» атавизмі бар, «достарға – бәрі, қалғандарға — заң» деген. Бірақ саяси сотталғандар жоқ.

Қазақстандағы түрме мен абақтыға түскендер саны, әсіресе жеке сеніміне қатысты жазаланғандар саны Тоқаев кезінде еселеп өсті. Тоқаев билігі белсенділер мен ұлтшылдарды түрмеге тоғыта жүріп,  халыққа соғыс жариялады деуге болады.

Ордендер мен медалдар тарату аясындағы саяси себептен Данат Намазбаев пен Марғулан Борамбайға шыққан үкім, митингіге шыққан және Ресейдің Украинаға басып кіруін айыптаған белсенділерді қамау – Тоқаевтың саяси реформасының сықпыты. Талдықорғандағы қаңтар оқиғасына қатысқаннан қамалып, арқасын үтікпен шыжғырылған әрі ұрып-соғудан  үстінен сау-тамтығы қалмаған  Азамат Батырбаевқа жуырда белгілі болғандай  – денсаулығына болмашы ғана зиян келіпті.  Құқыққорғау органдарының сот-медициналық сараптамасының тоқетері осы болыпты. Бұндай «сараптамалар» өзіне қажет үкім шығару үшін әуелден дағдыға айналған құжат; олар 2012 жылы Жаңаөзенде де қолданылған.

Берік Әбішев – сұрмергендер оғының астында 2022 жылы қаңтарда Қазақстан жалауымен жүріп әлемге әйгілі болған батыр, басына тиген оқтан мүгедек болып қалды.  Айыптылар – жоқ. Бұл үшін ешкім жазғырылған емес.  Полицияның заңсыз әрекетінің нәтижесінде алған жарақатты мойындайтын сараптама тағы жоқ.  Оның жарақатын емдеуге, бұған айыпты тараптан басқа жұрт  жабылып жылу жинап жүр…

Соғысқа шақырған, «Вов ағайды шақырып» сепаратистік қатер төндірген адамға қазақтарды тыныштандыру үшін қандай шара қолданар екен – бұл біздің қоғам үшін беймәлім мәселе.  Егер бұрын отаншыл күйдегі азаматтар бұндай сепарларды, «жік салушыларды»   аулап, видеода тәубесіне келтіріп келсе – енді ондай боларына сенім жоқ: Данат пен Марғұлан өз сенімдеріне бола бір-екі жарияламдары үшін бірнеше жылдық бас бостандықтарынан айрылды… Шамасы, қазақтың құқық күзететін жүйесі «әлемдегі орыстілді отандастарына» қарай біржақты түрде бүйрегі бұрылып кеткен сықылды, оларды Ресей Мемдумасы байыпты түрде күшпен, тіпті әскери жолмен қорғау жөнінде талқылауға көшкен…

Украинадағы соғыс қазақ қоғамы мен елдің егемендігіне қатысты бір мәселенің бетін ашты – путиндік агентураның молдығы мен Путин насихатына бөккендердің көптігі. Бұндай ахуалда Путин жоғарыдан елдің билігіне тікелей ықпалы жүре тұрып, ал оның жақтастары батыстан шығысқа қарай, барлық жеті мың шақырымдық Қазақстан-Ресей шекарасының бойына тығыз орналасқанда – ұлтаралық жанжалды төменгі қабатта тұтатып жіберсе, бұл мәселе болып шығады, дұрысырағы – бұл бірінші қатарда алға басатын қатер. Сондықтан да егеменсіз  — ел жоқ. Қазақстан жоқ.

Украинадағы ахуал мынаны айтады: азаматтық қоғам үшін ең дұрыс шешім —  бұндай жағдайда қоғамдық ортаның бір біріне деген тұтастығы мен белсенімі ғана. Біздің ойымызша, мақсаты жауыққан әрі сепаратистік пиғылды көріністі тіркеп, сәйкес түрде материалдарды тергеу орындары мен прокуратураға әзірлеп, ұсынып және әрбір іс сотқа жеткенше және үкім шыққанша ахуалдың өрбуіне көз салатын  жалпыұлттық бірлестік құрған абзал.

Біз ҚР Қылмыс кодексіне антисепаратистік нормаларды қостыруға құқық күзетіндегі жүйені мәжбүр ете аламыз, етуіміз қажет. Бұл Путин мен оның қырттарының қазақтан ұлт пен егемендікті ажырататын «арнайы құтқару амалынан» құтылатын міндет әрі мұрсат.

Путин – күштің тілін ғана ұғатын пенде. Қазақ қоғамының тұтасуы  – нағыз сол күш. Қазақстандық қоғамның белсенімі мен отаншылдығы ғана бізді «қыртизмнен құтқарушылардан» құтқара алады.

 

Spread the love

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Please enter your comment!
Please enter your name here

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.