\Белгіленген күнге тағайындалған бұл күн — өтті де кетті. Президенттеріміздің бірінің аузынан шыққан   дипломатиялық сандырақ тілімен айтар болсақ, 10 қаңтар күні «болған іс — болды». 

Мұндай тірлікті «сайлау» деп айту — көңілге қаяу түсіреді, көңілді жабықтырады. Әрине, сайлаудың біршама белгілері болды, бірақ аты бар да заты жоқ, маңызы жоқ іс-шара болды. Оның растығын әлеуметтік желідегі куәлар мен айғақтар дәлелдеп көрсетіп жатыр. 

Дегенмен айта кетуге тиіспіз, бұл іс-шараға көптеген ел іщіндегі жақсы адамдар қатысты. Олар еш нәтиже болмасына көздері жетіп тұра көптеген абыройлы іс-қимылдар жасады. 

Тәуелсіз бақылаушылар. Олардың саны аз болды, бірақ істері саз болды. Олар тиісті елді мекенде сол аймақтың барлық сайлау учаскелерін бақылаушылармен қамтамасыз етіп қана қойған жоқ, сонымен бірге диктатуралық биліктің ұрлықшыл «сайлау жүйесін» тас-талқан етіп әшкереледі, ұрлықтарын бетіне басты. Олардың әлеуметтік желіге салып көрсеткен айғақ, дәлелдерінің нақты екендігі соншалық, саналы зерделі жұртшылық осындай заң бұзушылықтарды жаппай болғандығына көздері жетті. Содан болар, тәуелсіз бақылаушылар болмаған жерлерде дауыс ұрлау мен бұрмалаулардың неше түрлі сорақылықтары орын алды. Міне, осы жағдайды пайдаланған диктатура қатысушылардың саны 60 пайыздан асты деп оны өз пайдасына жаратып «НұрОтанды» қолдаушылар 70 пайыздан жоғары болды деп белден басты. Ал шын мәнінде сайлауға дауыс беруге келгендердің саны 20 пайыздан төмен болды. Тәуелсіз бақылаушылар болған учаскелерде «НұрОтанды» қолдаушылар шын мәнінде 50 пайыздан төмен болды. 

Бейбіт наразылық жасап көшеге шыққандар. Олардың саны да көп болған жоқ, ондаған адамдар. Міне, осы аз ғана адамдар Қазақстанның «превентивтік полициясын» әлем жұрты алдында беттерін ашып масқара етті. Жүздеген қара киімді жүзіқара оңбағандарды (араларында «титушкалары» бар) әшкерелеп, кімнің кім екенін көрсетті. 

10 қаңтарға дейін жүздеген адамдарды бірнеше апта бойы көшеге шықпасын, өз ойларын ашық айтпасын деп ұстады, қамады, соттады. Оларға неше түрлі жала жауып, қылмыс ойлап тауып түрмелерге жапты. Неге үйтті, себебі олардан қорықты. Осылай жасаған билік өздерінің жүзіқара қылмыскер екенін біліп жасап келеді. Алжыған диктаторлар әрқашан өлер алдында осындай жексұрындықтарды жасайды. 

«НұрОтан» үшін дауыс бермегендер. Учаскеге келгендердің  50 пайыздан көпшілігі оған дауыс берген жоқ. Олардың ойынша, «НұрОтанға» дауыс бермесек «НұрОтан» дауыс жинай алмай қалады, сүйтіп билікті ауыстырамыз. Аңқау басыма не деуге болады. Әрине, әркімнің осылай ойлауға, осылай таңдау жасауға еркі бар. Енді осы сайлаудан соң бұл азаматтар өз аңқаулығын түсінер деген ойдамыз.

 Бюллетеньді шимайлап тастағандар, диктатураға өз бағасын, өз ой-пікірлерін алдамшы қағазға (бюллетеньге) жазғандар. Сонымен бірге сайлау учаскесіне бармағандар, дауыс бергісі келмегендер де бар. Олардың саны өте көп болды, 80 пайыздан кем емес. Олар бұл билікке сенбейді, оппозиция да болғысы келмейтіндер, олар ешкімді де қаламайды, тіпті өздерінің не қалайтындарын да білмейді. Міне, осы 80 пайыз құрамның  ішінен бейбіт жолмен диктатураны құлатуға болатындарды іздеп табуға болады. Бұл айқын нәрсе. 

«НұрОтанға» дауыс бергендер де болды. Бірақ бұл мақалада олар жайлы айтып та қажеті жоқ. 

Енді болған істен қорытынды жасауға болады, жасау да қажет. Бұл жерде өздерін билік санаушылар жайлы емес, басқалар жайлы. Бәрін ортақтастыратын жалпы бір идея бар еді. Оны іздеп, сұрыптап, ендіріп қажеті жоқ. Ол идея болды, қазір де бар  және әрқашан бола бермек.  Ол — бюллетеньдегі «барлығына қарсы» графасы. Бұл графаға билік «тиым» салды, себебі бұл идея Қазақстан халқының 90 пайызын біріктіре алатынын білді. Бұл графа бюллетеньде бар болған кезінде, дауыс беруге келмеген 80 пайыздың көпшілігі учаскелерге келер еді.  

Егер Қазақстан халқын біріктіре алатын ортақ идея бар болса, ондай идеяны қорғап сайлау бюллетеньдеріне қайта кіргізуді талап ету қажет. Бұл идея заңды және осы идея ғана қоғамның өз дауысын диктатураға жеткізе алады. Егер «барлығына қарсы» деген графа болғанда «осы партияға» халықтың кем дегенде 90 пайызы дауыс беріп, «НұрОтанның» диктатурасын нөлге айналдыруға болар еді. 90 пайыз белгіленген бюллетеньдерді жалған бюллетеньдермен орнын толтыра алмаған болар еді. 

Жұртшылықты біріктіре алатын идеяны туға айналдыру керек, оны қорғау керек. Осы графаны бюллетеньнен алып тастау арқылы билік диктатурасы біздің сайлауға, билікке деген көзқарасымызды, пікірімізді білдіруге тосқауыл қойды. «Барлығына қарсы» графасы бюллетеньге оралуы қажет, оны қайтару үшін күресу  қажет. Бұл идеяны бүкілхалық болып күресіп қолдау қажет. Менімше бұл идеяға ешкім қарсы бола қоймас. 

Уақыт көп емес. Қайтадан бастау керек. 

 

 

Spread the love

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Please enter your comment!
Please enter your name here

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.