Фейсбуктың қазақ сегментіне көз жүгіртсек, қазақстандық диктатураның наразы жұртшылықты көптеген «қалыпты» нормаларға үйретіп-ақ тастағаны байқалады; митингіге қатысады-ау деген азаматтық белсенділерді  алдын-ала ұстау, тұтқындау, қамау дегенге жұрттың үйреншікті болғаны соншалықты, тіпті адамдар наразылық жасап қабағын да шытпайды, әлеуметтік желідегілердің селт ете қоятын түрі жоқ. 

Қазақстандық наразылықшылар беларуссиялық азаматтық қоғамның екіге бөлінбегеніне, біртұтас болып Лукашенкоға қарсы тұруына бек риза, ал бірақ өздері бірін бірі «конструктивтік» және «экстремистік» деп бөліп қақ жарылды. Бұған қазақстандық диктатура қуанбаса еш ренжіп отырған жоқ. 

Қазақстандық наразылықшылардың бір жартысы биліктің лақтырып тастаған «сүйегіне» — парламент сайлауына (таңдауы жоқ сайлауға) мәз болып соны талқылап итше ырылдасып жатыр. Наразы топтың екінші жартысы — үйлерін тінтуге келген полицияға есіктерін айқара ашып, полицияға еріп тергеуге, КПЗ-а, сотқа барып жатыр… Мінеки, қазақстандық наразы топ осылай қақ жарылып бөлініп, бірін бірі көргісі келмейді, кездесе қалса бетін бұрып теріс айналады. 

Бұл жолдардың авторы (Владимир Козлов) саясаткерлікті де, құқық қорғаушылықты да басынан өткерген адам есебінде мынаны жақсы біледі: Қазақстанда құқық қорғаушының саясаткер болуы өте қиын нәрсе, оны атқару қиын — қазақстандық биліктің адам құқы мен еркіндігін басу жөніндегі тәжрибесі өте мол, сондықтан да қазақ елінде бұл жамандыққа қарсы тұру үшін міндетті түрде саясатпен айналыспаса болмайды, саяси күрессіз билікті жеңу өте қиын.  

Әйтсе де, саясаткердің құқық қорғау тұғыры (негізі) болмаса ол саясаткер емес, дұрысы оппозициялық саясаткер бола алмайды. Адам құқығын жалпағынан басып, таптап жатқан бұзушылықтарды көріп тұрып оған араласпасаң (мені қолдамағаны үшін, менің оппонентімді қолдағаны үшін деп оған болыспасаң), сені оппозициялық саясаткер деуге болмайды. Бұлай жасау — бүгінгі диктаторлық биліктің таңдауы, биліктің ісі. Билікке ұқсап оның істегенін қайталасаң, сенің қай жерің оппозиционер, сен бар болғаны билікке баруға құмартқан үміткерсің… 

Бүгінгі таңда Қазақстанда ондаған адамдар саяси оппоненттерінің қолдауына ие бола алмай отыр. Оларды көшеде, үйінде ұстап, тұтқындап, тінтіп, соттап жатыр. Оны көріп отырғандар баррикаданың екінші жағында үнсіз, ауыздарын ашпай отыр. Естеріңізде болар, мұндай жағдай тарихта талай болған: «.. халық жауларын ұстауға келгенде, сен де, мен де үнсіз отырдық…»….

Бұл нені білдіреді? Бұл адамдардың қорқақтығын, саяси санасының тайыздығын көрсетеді. Адам құқы сөз болғанда адамның ата-тегі, ұлты, саяси көзқарастары маңызды емес. Адамның құқығы оған туа бітті өзімен бірге болады. Осыны түсінбейтін адам — толыққанды адам емес. Саясаткер емес екендігі айқын.

Бойкот, сайлауды бақылау, «пәлен партияға ғана дауыс берейік».. деген сияқты ұсыныстар түсуде. Осы ұсыныстарға шынымен сеніп отырсыздар ма? Күн сайын полиция ҰҚК-ң жетегімен наразы топ өкілдерін үйлерінен, көшеден алдын ала ұстап тұтқындаған ондаған жағдайлар болып  жатқанда, осындай ертегіге сенесіздер ме? Беларустар жарап жатыр деп оларды мақтап қоямыз, ал біздің жолымыз басқа демекпіз бе? Біз парламенттік республиканы қолдаймыз, біздің ғана пікіріміз дұрыс дейміз, ал басқалар — дұшпандар, жіберілген жансыздар, оларды құрту керек дейміз бе? Біздің «таңдаған өз жолымыз бар» деген пікірді қазақстандық қоғамның наразылық өкілдері де айта бастады… 

Құқық қорғаушы Dana Zhanayдың айтуынша тек қана 18 қарашада Маңғыстау полициясы төмендегі азаматтық белсенділерді ұстап үйлерінде тінту жүргізген: Мерей Қорбаков, Жаңыл Мырзабаева, Болат Нургазин, Айжан Исмакова, Абзал Каналиев, Нұрберген Алиханов, Женис Акимов, Ляззат Ашыкбаева, Оразғали Назаров, Ұлболсын Тұрдиева, Шолпан Жанұзақова.  Dana Zhanay  – ақтөбелік азаматтық белсенді Серік Оразовты азаптаған (соның нәтижесінде өлген) полицейлердің жеке деректерін ашып айтқаны үшін оның үстінен қылмыстық іс ашылып тергеуде жатқан көрінеді…

 Сайлау — әрине өте маңызды мәселе. Бірақ кейбір азаматтар бұл сайлаудың нәтижесі бұл жолы әдеттегідей емес, басқаша болады деп ойлайтын сияқты. Сонда олар «рұқсат етілген митингіге» келмеген адамдар он мыңдап алаңға шығып сайлаудың нәтижесіне қарсы болады деп ойлай ма екен? Осылай болар деп болжауға негіз бар ма? 

Әлде  азаматтық және саяси құқықтары күн сайын бұзылып жатқандар жұртшылықты алаңға жетектеп бастайды деп ойлайсыздар ма? Қазақстанның болашағы әуелі көшелерде, сосын ғана сайлауларда шешіледі. Бүгінгі күні саяси наразылықтың алдыңғы шебінде жүргендерді қолдау және қорғау қажет. Сонда ғана сайлау нәтижесіне қарсы шығатындардың табылары анық. 

P.S. Дана Жанайдың қылмыстық ісі «құрамында қылмыстың жоқ» болуына байланысты жабылғаны анықталды. Нақты мысал.

 

 

 

Spread the love

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Please enter your comment!
Please enter your name here

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.