Соңғы кездегі  Қазақстанда болып жатқан оқиғалардан мынаны түюге болады — билік елдегі азаматтық қоғамның наразылық жасаушы өкілдерін жаппай қудалап тазарту жұмыстарын жүргізіп жатыр. Мақсаты — 31 қазанға белгіленген митингі алдында белсенділерді қамап, оларды митингіге қатыстырмау. Бұл қудалаулардың  тағы бір қапаландыратын жері — митингіге қатысушыларға әкімдіктер тарапынан «ананы өйтпе, мынаны бүйтпе», «тәртібің мынадай болсын»  деген қорлайтын бұрын-соңды болмаған неше түрлі шарттар мен «ескертулер» жасалуда. «Журналистерді ұстамаңдар» дегенге олардың беріп жатқан жауабының сиқы.  

Екі жақтың бір біріне қойып жатқан талаптары мен уәделерін жалпылама сөзбен айтар болсақ осындай. Бұдан өткен қорлау, бұдан асқан жымысқы арамзалықты кездестіру мүмкін емес. Митингті ұйымдастырушылар мен әкімдіктің басшылығының кездесуі тіпті болмауы тиіс еді. Кездесудің әкімдіктің ғимаратында өтуі тіпті масқаралық жағдай. Біле білген адамға әкімдіктің міндеті — митингі жайлы ескертпені қабылдау, тіркеуге алып оның өтуін қамтамасыз етумен бітті емес пе! 

Біз бұл жерде митингі ұйымдастырушыларды әкімдікке «шақырды» деп отырмыз, шындығында билік  әкімдікке олардың келуін талап етті, желкелеп әкелді десек  артық болмас. Митингі жайлы алдын ала хабарлау дегеніміз, шын мәнінде «рұқсат сұрауға» әкеліп отыр. Тоқаев-Кариннің митинг жайлы жаңа заңы шын мәнінде конституция бойынша рұқсат етілген бейбіт жиын туралы заңды белден басып отыр.  

Бұл митингінің тақырыбы — саяси қуғындауларды тоқтату және саяси тұтқындарды босату. Міне осы тақырып бойынша өтуге тиыс митингіні билік неше түрлі тиым, заңсыз шарттармен «орамдап», бұл шараны өздері ұйымдастыруға қатысып, қоғамға еш пайдасы жоқ, бірақ өздерінің диктаторлық БАҚ-да «міне бізде митингі өтті», «Қазақстанда нағыз демократия» деп  шетелдік мінбелер мен аудиториясында айтатын, өзінің кезекті «іс-шарасына» айналдырып отыр.  

Бір жағынан, митингіні  ұйымдастырушылар күн сайын азаматтарды митингіге келуге үгіттеп жатқан кезде,  әкімдіктің өкілдерімен күн сайын кездесіп «келісіп» жүрген кезінде, сол кездерде полиция жанын салып митингіге «қатысуларына болмайтындарды» қамап, қудалап, «тазарту» жұмыстарын жүргізіп жатты. 

Бұл орайда бізге түсіп жатқан соңғы жаңалықтар осы «тазарту» жұмыстарының заңсыз, тінту, заттарын алу шараларын ордерсіз, хаттамасыз, актісіз, адвокатсыз, тек өздері ғана білетін тізім, мекен жай, фамилиялары бойынша ұстап, тінтіп, тұтқындап, соттап, оқшаулап жатқанын көрсетеді. 

Бұл жағдайды трагикомедиялық, қорлаумен ғана салыстыруға болар: билік саяси қуғындауларға қарсы және саяси тұтқындарды босату тақырыбы бойынша митинг өткізуге рұқсат беріп, екінші жағынан қоғамды және халықты мазақтап әжуалап отыр, осы тақырып бойынша митингіге қатысушыларды қуғындап, түрмеге қамап жатыр… 

Митингіні ұйымдастырушылар осы жиынды өткізуге билік тиым салып қояр ма екен деп жалтақтап, қорқып, өздері қорғауға тиіс саяси тұтқындар мен белсенділерден — ҚДТ, Көше партиясы т. б. мүшелерінен өздерін аулақ ұстап отыр….  Рас, диктатура мен биліктің соты оларды экстремистер деп атады, бірақ біз ондай соттың шешімімен келістік пе? Жоқ, келіскен жоқпыз.  

Билік митингіні ұйымдастырушылардан «билікке тіл тигізбеңіздер» деп талап қойып уәде алды, бірақ полицияның алдын ала митингіге қатысуы мүмкін деген қатысушыларды қуғындауы, ұстап қамауына неге үндемей отыр? Биліктің заңсыздығы мен бассыздығына  келіскені ме? 

Митинг дегеніміз —  сөз еркіндігі, митингте сөйлейтін әрбір қатысушы өзінің айтқанына жеке өзі ғана жауапты. Митингіге қатысушылар биліктің қалауына бейімделіп, соны  басшылыққа алмауы тиіс, заңды басшылыққа алулары тиіс. Бүгінгі билік өзі жайлы шындықты қаламайды, ол өзі жайлы шындықты  тіл тигізу, қорлау деп санайды. Шындықты естіген биліктің қорлануы —  біздің проблемамыз емес, биліктің проблемасы.  

Төменде диктатуралық биліктің шамына тиетін шындықтар. Іші толған шынайы оқиғалар, адамдар мен нақты деректер. Мұндай шындықты көрмеуге, ол жайлы айтпауға болмайды; билік  31 қазанда саяси тұтқындарды босатуды талап еткен, олардың отбасына көмектесуге шақырған үнпарақтарды, Қазақстанның мемтуын «айғақ» ретінде тартып алып жатыр… 

— Алматы – тарих пәнінің мұғалімі Қалас Нұрпеисов заңсыз ұсталды, ол 31 қазанда митингіде сөз сөйлеуі керек еді;

— Астана –  «Veritas» ұйымының құқық қорғаушысы Әлия Жақыпова мен азаматтық белсенділер Оңлабекқызы Әсел мен Айнұр Мырзалиева ұсталып тінтілген, Әселдің пәтерін полиция қызметкерлері өз кілттерімен ашқан..; 

— Ақтау — ҰҚК әлде полиция қызметкері азаматтық белсенді Айгүл Ақбердінің есігінің құлыпын суретке түсірген;  

— Астана – азаматтық белсенді Асқар Қайырбектің үйі тінтіліп сот болып 15 тәулікке қамалған; 

— Астана – азаматтық белсенді Алтын Лесбаеваның пәтері тінтілген;

— Астана – азаматтық белсенді Серик Жахиннің үйінде тінту жасалған; тінту барысында ол жүрек талмасымен ауруханаға жеткізілген;  

— Астана –  азаматтық белсенді Назым Серікпековаға тінту жасалып ұсталған; 

— Астана – саяси тұтқындардың отбасына көмек үшін жүргізілген «асар» кезінде «Veritas» ұйымының құқық қорғаушылары #Жакупова Алия, #Темирхан Гульжанат, #Мусаева Роза, #Нурушева Алма, азаматтық белсенділер #Мырзалиева Айнұр, #Жанбаева Венера, #Тамабаева Ғалия, #Бакаева Асия, #КалыковаГульмира, #Куандыков Демеген,#Беккужиева Бибігүл, #Бекназарова Ракиля және #Сабитов Айбек ұсталған; осы ұстау кезінде полиция қызметкерлері журналист Сәния Тойкенге шабуыл жасап денесіне жарақат түсірген;  

— Атырау – азаматтық белсенді  Асқар Кайроллаұлының үйінде тінту жасалған; 

— Алматы –  азаматтық белсенділер Бибігул Иманғалиева, Ильяс Бисембаев, Ракила Бекназарова, Жанат Искаков, Ниязбек Юсупов, Серик Чалабаев, Ұласбек Ахметов, Инкар Ибрагимова тінтілген және ұсталған, 

— Тұтқындау: 

— Гүлмира Калыкова — 15 тәулік әкімшілік қамау;  Айнұр Мырзалиева — әкімдік айып 50 АЕК (30% жеңілдік); Серикпекова Назым — 15 тәулік әкімдік қамау; Темирхан Гульжанат — 10 тәулік; Бибигул Мамай — 15 тәулік әкімдік қамау. 

—  Ерлан Файзуллаев, Жанмұрат Аштаев және  Ұлысбек Ахметовқа 405 бап 1 б. бойынша (Көше ұйымы және ҚДТ үшін) саяси қылмыстық іс қозғалған; Ұлысбек Ахметов 2 айға қамалған;  

(Данияр Хасенов, Айгүл Павел, Qaharman.kz материалдары бойынша). 

 

 

Spread the love

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Please enter your comment!
Please enter your name here

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.