21 қазанда «жетпіс бірінші лагерьде» болған (155/8 мекемесі, Заречное с. Алматы облысы) «тінту шаралары» кезінде әлдебір құқық қорғаушылардың осы «шмонға» қатысқаны туралы сотталушылардың туысқандарынан  бізге хабар жетті.

  Әрине, мұндай шаралар кезінде оған құқық қорғаушылардың қатысуы құптарлық, қажет нәрсе. Бірақ  құқық қорғаушылардың қатысуы қандай нәтиже берді, қандай адамдар қатысты, мәселе осында. Көп жағдайда, өкінішке қарай, ондай қорғаушылардың көпшілігі бұл қызметке лайық емес адамдар, олар шын мәнінде ҚАЖК-ң мүддесін қорғайтындар. 

Бұл жағдайға бес жыл түрменің ішінен, енді қазір алыстан, сырттай бақылап отырған адам ретінде (авт. Владимир Козлов) баға берер болсам, Қазақстандағы құқық қорғау жүйесі жылдан жылға құлдырап құрып бара жатыр дей аламын. 

Бұл мәселемен көп жылдан бері айналысып жүрген, қызметіне адал құқық қорғаушылар белсенділіктерін тоқтатпай күресіп келеді. Олар осы мәселеге қатысты заң баптары мен ережелерін өзгертуге, толықтыруға, реттеуге барынша ат салысып келеді. Бұл мәселедегі олқылықтар мен кемшіліктердің барлығы тізімге алынған, өзгертуге ұсынылған. Біздің айтарымыз мәселенің басқа жағы.  

Соңғы жылдары диктатуралық билік тарапынан құқық қорғау тақырыбына, құқық қорғаушыларға бағытталған үздіксіз қысым күн сайын артуда. Жасалып жатқан қысымдардың заң реформаларына қарсы болғандығында ғана емес, талай жылдарғы құқық қорғаушылардың қолымен жасалған тәуір нәтижелерді жоқ ету, жоққа шығаруда болып отыр. Нақты мысалдар: 

Ұлттық превентивтік механизм (ҰПМ), бұл механизм түрмелердегі азаптау, қорлаулардың алдын алумен айналысады. Түрмелер мен лагерьлердегі азаматтардың өмір сүру мәселелерінің бәрін регламенттейтін негізгі нормативтік акті — Қылмыстық атқару кодексі (ҚАК) бойынша ҰПМ мүшелері түрмелер мен лагерьлерге ешқандай ескертусіз, рұқсатсыз (ел президенті сияқты) келуге құқы бар. Бірақ, іс жүзінде олар түрмелер мен лагерьлерге кіруге «президент жанындағы» омбудсменнен рұқсат алулары тиіс. Түрме әкімдігі ішкі жағдайларын «тазалап» алғанға дейін рұқсат күтіп сарғайып отыра береді… 

Соңғы кездері ҰПМ-а қатысуға болатын мекемелердің тізімін ұлғайтылды, енді олар балалар үйі және сол қатарлы басқа да мекемелерге баруларына болады. Бұл да құптарлық, өте қажетті нәрсе. Сүйте тұра, олардың жыл бойы баратын орындарының жалпы жоспарлы саны ұлғаймай отыр. Соның нәтижесінде ҰПМ баратын орындардың саны жылына бір ғана рет, одан жиі баруларына болмайды. Олар бұл жерлерге кіру үшін коронавирусы жоқ деген анықтамасы болулары тиіс, анықтамасы тек 5 күнге ғана жарамды, жалақысыз жұмыс атқарушы ҰПМ мүшелері анықтама үшін 10000 теңгені қалталарынан (әр анықтама үшін)  төлеулері керек…

 Бұл мәселенің екінші бір жағы да бар. Құқық қорғау саласына арнайы түрде құқық қорғау қызметінің абыройын, қадірін түсіретін адамдарды енгізу етек жайып барады. Кеше ғана түрмелер мен лагерьлерде сотталушыларды ұрған, қорлаған, азаптаған, аяғы мен қолы қанға батқандар құқық қорғаушыларға айналып жатыр. Соның нәтижесінде сотталушылардың арасында құқық қорғаушыларға деген сенім жоғалуда. Мысалы, Алматы облысы бойынша ҰПМ жетекшісі Игорь Мирошниченко — бұрынғы Қостанай облысындағы қатаң режимді лагерьдің басшысы болған адам. Бұл адамның мансап сатысымен көтерілу жолында қанша сотталушының жаны мен өмірін таптағанын айтып жеткізу мүмкін емес..

 

Константин Гудаускас — тағы бір «құқық қорғаушы», сотты болған адам, барактың шаруашылық жөніндегі меңгерушісі, «нағыз белсенді», түрме әкімдігінің қолбаласы… Енді бүгін бұл адам «құқық қорғайтын» ұйым құрып, көмектесемін деп сотталғандарды алдап ақшасын жеумен айналысады. Соңғы деректер бойынша ҚР аймағынан қашып кеткен…

 Ардақ Жанабилова. Бұл да бұрын сотталған адам, түрмеде завхоз болған. Қазір Алматы облысы бойынша Қоғамдық бақылау комиссиясының жетекшісі. Лагерьлерді аралап сотталушылармен кездеседі, оның берген есептік материалдарын ҚАЖК негізге алады, себебі бұл есептік материалдарда «деректер анықталмады» деген сөздер жиі қолданылады, тіпті оны айтасыз, кейбір сотталушыларға жеке кездесу кезінде шағым жазғаның үшін жауапқа тартыласың деп қорқытады екен.  

21 қазанда 155/8 мекемесінде өткен «тінту шараларына» қатысқан бейтаныс құқық қорғаушылардың арасында (ҰПМ болса керек) осы лагерьдің бұрынғы «қожайыны» Рустам Қалиақпаров та болған көрінеді. Иа, осы адам талай рет, талай жылдар бойы бірнеше лагерьлерде сотталушыларды қорлаған, азаптаған, ұрған, соққан адам. Жақында ғана осы адам «сыртқа хабар» жібергені үшін сотталушыны «гаремге» жіберемін деп қорқытқан. Осы бейнетаспа үшін ол қызметтен алынған еді. Енді иығында погоны бар садист жендет құқық қорғаушы болып отыр. Құқық қорғау деген сөзді басқаша қалай қорлауға болады?…

Бүгінгі күндері 155/8 мекемесінде (жетпіс бірінші») күн сайын әбігер: РОР бойынша орынбасары, оперлер, режимниктер, лагерь бастығы күн сайын лагерьді аударып-төңкеріп сотталушылардың сыртпен «байланысын», хабар беру жолдарын, адамдарын іздеп жатыр. 

Лагерьдегі қылмыстар жайлы, оны жасаушылар (аты-жөндерін айтып) жайлы «сыртқа» хабар жіберген сотталушы Михаил Сучковты әуелі ДИЗО-а жапқан, сосын қасақана қылмыс жасаушы деп қатаң режимді баракқа қамаған, енді қайтадан изоляторға қамап тастапты. Сучковқа осындай әртүрлі желеулерді сылтауратып жауып, «жөнделмейтін» қылмыскер деп қайтадан сотқа беріп, тағы да мерзім қосып беру  жоспарлары болса керек.  Маған осындай жол арқылы мерзім қосып бермек болған кезде (авт. Козлов), мен аз ғана күннің ішінде әуелі «сөгіс», сосын қатаң барак режимін, сосын ДИЗО-ы  мойныма іліп үлгірген болатынмын. Түрменің дәстүрлері осындай. 

Кейбіреулер бұл жақты «колония» немесе «мекемелер» деп атайды. Бұл «мекемелер» әу бастан концлагерьлер есебінде: ГУЛАГ, КАРЛАГ, АЛЖИР… болады деп жоспарланған. Солай екені рас. Бұл лагерьлердің басты мазмұны — адам баласына деген ерекше жек көрініштілік, адам баласын қорлау, азаптау…

Түрме, лагерь «қожайынының», бұрынғы жендеттің құқық қорғаушы болуы — ҚАЖК дәстүріне ене бастады. Түрмеде садист болғандар — өмір бойы садист болып қалады. Олардың әрқайсысының ондаған жылдар бойы жасаған қанды қылмыстарының іздері ешқашан жоғалмайды. Олар өздерінің қанды іздерін жасыра алмайтындарын жақсы біледі. Сондықтан да олар бүгінгі таңдағы құқық қорғаумен айналысып жүрген адал құқық қорғаушылардың абыройына үлкен қауіп төндіріп отыр. Оған жол бермеу керек. 

 

Spread the love

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Please enter your comment!
Please enter your name here

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.