25 қыркүйекте Қазақстанда азаматтық қоғам мүшелерінің қатысуымен ҚДТ қозғалысы жариялаған митингісі өтуі тиіс болатын. Митинг өтпей қалды. Оның өтпей қалуының себебі түсінікті — митингіге қатысушылардың басым көпшілігі интернетте отыр, диванның үстінде «шекелерін қыздырып» жатыр, қызу таласты әлеуметтік желіге ауыстырды. Белсенді наразылықшыларды, «Көше» партиясы сияқты бейбітшіл белсенділерді біздің диктатуралық билік «экстремистер» санатына қосып  үйлерінен, жұмыс орындарынан жеке-жеке ұстап қамап жатыр.  Әрдайым осындай жарияланған наразылық акцияларының алдында саяси полиция оларды әртүрлі сылтау, желеулермен ұстап, жала жауып, көшбасшыларына қылмыстық іс қозғап әкімдік қамауға салып, тергеуге шақырып, қарапайым мүшелерін қорқытып күн сайын ондап ұстап жатыр.  

Коронавирус пандемиясы мен карантин қазақ диктатурасына өте жақсы сылтау болды, билік ҰҚК, полиция, санитарлық қызметкерлерді қарамағына бағындырып, оларды белсенділермен күреске қарсы жұмсап отыр. Неше түрлі шенді «санитарлар» (ҰҚК, ІІМ өкілдері) митинг өтетін күн алдында митингі өтеді деп белгіленген орындардың маңындағы ондаған мекемелерді әртүрлі желеулермен (дезинфекциялау, санитарлық күн т. б.) ескертусіз, рұқсатсыз, яғни заңсыз жауып тастады. 

Егер белоруссиялық интернет желісі наразылықшыларды біріктіріп ынтымақтастырып отырған орта болса, қазақстандық интернет желісінде әртүрлі жалдамалы тролльдер биліктің тапсырмасымен адамдардың арасына от салып, бірін біріне айдап салып оны алауыздықтың ұясына айналдырды.  Тролльдер басқаша пікір айтушыларды «сатқын», «шпион» деген сияқты сөздермен балағаттап, ар-намысына тиіп төбелестіріп жатыр. Әрине, мұндай жағдайдың орнауы Ақорданы қуантады.  

Ынтымақ пен бірлік болмай диктатураны жеңу мүмкін еместігін жұрттың бәрі жақсы түсінеді. Бірақ сүйте тұра, ҚДТ мен «Көше» партиясының адамдарын полиция ұстап жатыр, қамап жатыр деген хабарларды естіп, оқып отырғандар, диктатураға қарсымын деушілер бұл жағдайға еш селт етпейді. Тіпті, керісінше, оған қуанатын сияқты… 

Мұндай жағдайдың ең жаман жері — бұл процесс диктатураның көңілінен шығып отыр, себебі өзіне қарсы адамдардың бір тобы өзара қырқысып жатыр. Мінеки, бүгінгі таңдағы қазақ оппозициясының таңдаған «жолы» осындай. Өкінішке орай, бұл жол ешқайда апармайды, тұйыққа апарады. 

Әрине, Мұқтар Әбләзовты жақсы көрмеуге болар, ол жұрттың барлығының көңілінен шығуға тиісті емес. Ол да кез келген адам сияқты қателіктен, кемшіліктен ада емес, жеткілікті.  Бірақ, соңғы жиырма жыл бойы Қазақстандағы диктаторға қарсы шаршамай, талмай жалғыз өзі күресіп келеді емес пе. Одан басқа күрескер жоқ, болған емес. Бұл тарихи дәлелденген факт.  

Қазақстандық диктатураны жойылтудың, жақсы өзгерістер жасаудың басты шарты үшін Әбләзовты көшбасшы деп мойындаудың қажеті де жоқ. Әбләзовпен келісуге міндетті емессіз, өзіңіз көріп отырған жоқсыз ба, қазақстандық түрмеде жатқан саяси тұтқындарды. Олар ешқандай шартсыз, толық ақталып дереу босатылулары тиіс. Осы талапты күн тәртібіне қойып, оны қолдау үшін Мұхтар Әбләзовтың қозғалысының (ҚДТ) мүшесі болу шарт емес. 

Осы талапты орындау жолында  неге бірге жүрмеске. Бірге жүріп, бірге қамалып, ұсталып, полицейлердің таяғын бірге жеп, қолдау тауып бейбіт наразылықтарға неге бірге қатыспасқа. Әрине қатысу процесі ең маңызды емес шығар, маңыздысы — алға қойған мақсатқа жету, нәтиже қажет. Ал диктатураға келер болсақ, ол өзара бірігіп ынтымақтасып жұмыс жасап жатыр, соның арқасында ынтымағы жоқ  наразылық күштерді («диван батырларды»)  ешқандай қиналыссыз жеңіп келеді. Ас болсын, батырлар, «қатарларың» көбейе берсін. Сіздерге Джордж Оуэллдің «Мал қора» деген шығармасының негізінде түсірілген мультфильмді ұсынамын, 1955 жылы түсірілген. Бұл мультфильмді көріп түсіне білгендер қазір басқаша өмір кешіп жатыр. https://www.youtube.com/watch?v=AfxhfnuzYH4

 

 

Spread the love

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Please enter your comment!
Please enter your name here

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.