Таңертеңгі «Политон» екі ұдайы пікір қалдырды. Оған себепші болған АҚШ пен Канадада отырып американдық қара нәсілді Джордж Флойдтың өлімінен кейін Америкада не болып жатқаны жайлы айтқан Сергей Дувановтың сұқбатшылары. 

Өлген қара нәсілді жігіт бұрын да, қазір де қылмыстық істері жабылмаған қылмыскер. Жігітті қылмыс жасаған кезінде ұстаған ақ түсті полицей өзіне тиісті өкілеттігін және хаттамалық тәртіпті шектен тыс пайдалануының нәтижесінде жігіт өлді.  Бұл оқиғаның Американы дүр сілкіндіргені сонша Сергей Дувановтың сұқбатшылар бұл дағдарысты бір ғасыр бұрын болған Ұлы Депрессиямен салыстырып отыр. Айта кетуге тиіспіз — Америка бұл дағдарыстан абыроймен өз бетімен шығатыны сөзсіз. Себебі Америкада азаматтық қоғам қалыптасқан, АҚШ азаматтары туғаннан бастап өзіне тиісті толық адам құқықтарына ие екендігін біледі. Ал елді басқарып отырған үкімет пен президент өз азаматтарының жақсы өмір сүруін қамтамасыз етуі үшін қажет.  Олар өз өкілеттігін шектен тыс пайдаланған полицейдің қылмыскер екендігіне күмәндары жоқ, қылмыскер түрмеде отыруы керек. Сол пікірінің дұрыстығына күмәны жоқ болғандықтан, өз ойларын дұрыс деп тапқан әдістермен күресіп жатыр. АҚШ-а қазіргі кезде болып жатқан оқиғалар жайлы әркім әртүрлі пікір айтып жатқанына қарамастан, бұл бейбіт ереуілге қара, ақ, сары түстілер, тіпті көгілдірлер де қатысуда, бұл бір жағынан. Ал екінші жағынан болып жатқан бандиттік пен мародерлік тіпті басқа мәселе. Солай екенін тізерлеп қара нәсілділердің алдында кешірім сұрап жатқан полицейлер де түсінеді.

Ереуіл жасаушылар бүкіл Америка елі бойынша (басқа елдегі оларды қолдаушылар да) бір ауыз сөзді ұрандап жатыр: «Біздің тынысымыз тарылып бара жатыр!!!»  Көшеге ондаған мың болып шығып жатыр, коменданттық сағат біткен соң да шығып жатыр. Олар Заң мен Құқық  басымдық етпейтін жерде тынысымыз тарылады дейді. Осындай сезімді бізге қайтарып беріңдер дейді. Оларды сол үшін ешкім тарқатып жатқан жоқ, оларға мылтық атып жатқан жоқ, қалтарыста қамап жатқан жоқ. Олардың алдында тізерлеп тұрып, бас киімін шешіп кешірім сұрап жатыр…  

Біздің Дулат Ағәділді үйінен түнде алып кетті. Ол қылмыскер емес еді, бұрын қылмыс жасамаған, ешкімге қауіп төндірмеген жігіт болатын. Үлкен отбасы бар, жұмысы жоқ, неге бұлай деп оның талап етуге құқы бар еді. Үстінде формасы жоқ киім киген біреулер Дулатты өте дөрекі түрде, күшпен үйден шығарып  ешқандай полицейлік нөмірі мен белгісі жоқ көлікке салып алып кетті, өлі күйінде үйіне алып келді. Өлімі неден болғанын сұраған отбасына, жұртшылыққа өтірікті  сыпыра соқты. Бірінші президенттің қанды істерін жалғастырушы екінші президенттің өзі араласып «табиғи өлім» дегенді айтты. Бұл пікірмен келіспеген Дулаттың достарын «қасақана жалған ақпаратты таратқаны үшін» деп  «тиым салынған» ұйымның мүшесісің деп қуғындай бастады. 

Енді адвокатқа Дулат Ағәділдің өмірінің соңғы сағаттары бейнеленген таспаны бермей жатыр. Дәлелі — Дулаттың камералас достарының бейнесін көрсетуге болмайды. Бірақ, олардың бейнесін техникалық мүмкіндіктермен жауып беру тіпті қиын болмаса да. Біздің елде прокурор адвокаттың барлық істеріне тиым салатын тұлға екендігіне әбден үйрендік. Адвокат — процестің тәуелсіз жақтарының бірі, ол айыпкердің ісін зерттеуге, дәлелдеуге қатысуға толық құқығы бар. 

Кеше мен бүгін азаматтық белсенділерді үйлерінен ұстау басталды. Оларға неше түрлі айыптаулар ойлап тауып «ертең келесің» деп шақыру қағаздарын тапсыруда немесе әкімгершілік қамауға алуда. Сүйтіп ертең болатын митингке барғызбаудың неше түрлі амалдарын ойлап табуда.  Ертең таңертең әрбір азаматтық белсендінің пәтерінің есігінің алдында белсендіні полицей ұстап полицей учаскесіне жеткізетін болады. Нан сатып әкелуге шыққан адам полицей учаскесінен бір-ақ шығады.  Осындайды білетін адамдар «рұқсат етілген» бейбіт митингіге қатысу үшін бірнеше күн бұрын үйінен кетіп басқа жаққа қонатын болып жүр. Митингіде не боларын Құдай ғана біледі… Біз үшін, қазақстандықтар үшін мұндай жағдай қалыптасқан жағдай. Үйренгеніміз сонша, ол үшін мыңдап көшеге шығу біз үшін мүмкін емес. Біздің билік өз азаматтарын жасамаған қылмысы үшін алдын ала қылмыскер санап отыр. Біз өзімізді Билік иесі деп санамаймыз, оларды билік деп келеміз. Ал Конституцияда басқаша жазылған. Биліктен реформаларды, рұқсатты, жеңілдіктерді, тиымды алып тастауды күтеміз. Биліктің судьялары белсенділерді соттамаса, тек құқығын шектесе, ондай жағдайды «жеңіс» деп бөркімізді аспанға лақтырамыз… Билікпен  «диалогқа» барып өзімізге туа бітті тиісті, олардың бізден «ұрлап» алған құқымыздың оннан бір бөлігін саудаласып аламыз.  Америкалықтар «тыныс ала алмай жатырмыз» деп ұрандап көшеге шығып жатыр. Біз «еркін дем алып» жүрміз..

 

 

Spread the love

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Please enter your comment!
Please enter your name here

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.