Адамдардың өздерінің шынайы тарихын білуге құқығы бар. Бұрмаланған емес, нағыз ақиқатын, өтірігі қосылмаған тарихын. Осы орайда нақты бұрмаланбаған, көзге шұқылап көрсететін деректерді сөз етейік.

2020 жылдың 31 мамыры — қуғын-сүргін құрбандары  күні «Политон» пікір талас клубында осы тақырыпты жан-жақты талқылаған едік. Әңгіме тақырыбы — ел тарихы жөнінде өрбіп, қоғамды, жұртшылықты жалған бұрмаланған тарихпен уландырмау төңірегінде болды. Нақтылап айтар болсақ,  өз халқына қарсы қуғын-сүргін кезінде айуандық жасап азаптағандар  — Жендеттерге (!) бүгінгі таңда құрмет(?) жасалмауы тиіс төңірегінде болды.

Әр оқиғаның әртүрлі бағасы болуы мүмкін, адамдар оған әртүрлі көзқараспен қарап, ол пікірін жұрт алдында айтуға құқы бар. Міне, дәл осы жағдай бүгінгі таңда елімізде, қоғамда орын алмай отыр. Бірақ, адамдар бұл құқығын іс жүзінде асыра алмайды, билікке ондай пікірлер әсер етпейді деуге болады. Бір ғана пікір дұрыс — ол биліктің көзқарасы. Қалған пікірлер, қате.

Билікте отырғандар жұртшылықтың шынайы болған тарихты, оқиғаны білгенін қаламайды. Білсе, неше түрлі қажетсіз «шиеленістер» болып, «бықсыған» шаланы қоздырмайық, одан от шығып кетуі мүмкін деп санайды. Сондықтан да билік басында отырғандар жұртшылықпен тікелей сөйлесудің орнына әртүрлі «қоғамдық комиссияларды» құруға құмар. Сол өзі ұстап отырған бағытынан таймай қоғамға «өз тарихын», өз ұстанымын мойнына зорлап тағып сала береді. Қызылордалық зерттеуші, өлкетанушы Сағат Жүсіптің айтуынша Қызылорда қаласында 400 жуық көше бар, сол көшелердің 60 пайызға жуығының атаулары хатшылар мен аткомның төрағалары, басқарма, комитет, партия және «қызыл» директорлардың атына берілген. Сонда 200 жылдан артық тарихы бар Қамысқала — Ақмешіт — Перовск — Қызылорданың кеңес заманында өмір сүргендерден басқа тәуірлері болмаған ба? Бұл сұрақты қоюшылар көп,  жауабы да айқын.. бірақ.

Ономастикалық асыра сілтеушілікты айтпай-ақ қояйық, олардың көпшілігі бір күні тарихтың қоқысына лақтырылары анық. Ал, мына бір парадокске не дейсіз. Тәуелсіздік алғанымыз сол екен, Перовск совдепінің алғашқы төрағасы болған қанішер Гержод Иосиф Ивановичтің әріптестері мен орынбасарлары болғандардың  — Серікбай Бедебеков, Бодыбай Құлтекенов сияқтылардың аттары Қызылорда көшелерінде жарқ ете қалды. Басқалардың да аттары баршылық. Тағы бір мысал, тіптен сұмдық.. Қызылордада Ақмырза Төсұлының атында көше бар, бұл кісі 1930 жылы кеңес үкіметіне қарсы  Қарақұм көтерілісінің жетекшісі болған, екіншісі Үбісұлтан Аяпов — ақын, жырау, қазақтың фольклорын жинаушы, Қазақ КСР ғылым академиясына 40 мыңнан астам қолжазба тапсырған адам. Бірақ осы көшелерде тұратын тұрғындар білер ме екен Ақмырзаны өлтірген Аяпов екенін. НКВД арнаулы отрядының командирі Үбісұлтан Аяпов көтерілісті аяусыз басқан, өз қолымен Ақмырзаны тірідей өртеген. Үбісұлтанның осы «ерлігі» жайлы Әзірбек Ақшолақов поэма жазды.. Екеуінің де аты облыстың энциклопедиялық кітабы «Сыр бойында» жазылған.

Міне, тарихтың адам айтқысыз болып өзгеруі, «өзгерту» осылай жасалады. Шынайы тарихты білгісі келетіндер, тарихтан баға алғысы келетіндер басы дал болып тарихқа сенбейтін болады. Адамдардың миын улаудың, диктатураның қауіпті қаруына айналады. Тарихтың шыанйылығын білу, өткенді білу құқығы ғана емес. Өткен тарихтың шынайы ақиқатын білсең, бүгінгіні дұрыс түсінетін боласың, бүгінгі күннің тарихын дұрыс түсінсең, болашағыңды дұрыс айқындайтын боласың. Бұл біздің құқымыз, осы құқығымызды дұрыс пайдалана білейік.

Spread the love

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Please enter your comment!
Please enter your name here

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.