Жыл сайын 31 мамыр алдында журналистер өтініш айтып Ашаршылыққа байланысты жаңа деректер, цифрларға толы материалдарды сұрайды. Осындай өтініштерге таң қаламын да ойланамын. Жылына бір рет Ашаршылық жайлы, нәубет жылдары жайлы материалдар жарияласақ, миллионнан астам қырылған, ауып кеткен ата-бабаларымыздың алдындағы міндеттерден құтылатын сияқтымыз. Сосын бір жыл бойы бұл тақырыпқа оралмай көңіліміз тоқ болып жүреміз.

     Осыған ойланамын, біз қандай халықпыз? Адамзат тарихында бұрын-соңды болмаған, халқымыздың басынан өткен трагедияны, тәуелсіз мемлекет болғалы бері отыз жыл бойы тарихымызды түсінгеніміз, оны жан сезімімізден өткізгеніміз осы ма? Біз, қазақтар ата-тегімізді кемінде жеті атаға дейін білетін халықпыз деп мақтанамыз. Оны тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдарда дәлелдеген болдық. Ата-баба, би, шешен, батыр, әулие, атақтыларымыздың атын жаңғыртып оларға ас беріп белгі салып, кітап жазып, көше, елді мекендерге атын бердік, шежіремізді түгендедік деп жүрміз. Осыған риза болып жүрміз, тарихымызды түгендеуді, зерттеуді бастадық. Бірақ, бастадық та, тастадық. Осымен тоқтатыңдар деген биліктен бұйрық түсті.

20 ғасырда қазақтың басынан кешкен нәубеттер — 1916 жылғы көтеріліс, 1918-22 және 1931-33 жылғы екі ашаршылық, азаматтық соғыс, әскери коммунизм, кәмпескелеу мен зорлап отырықшылдандыру, репрессия зобалаңы құжаттарының бір шетін аштық та дереу жаба қойдық. Тек бір ғана датаны —  1941-45 жылғы екінші әлем соғысын ерекше салтанатпен, ерекше құрметпен атап өтуге рұқсат берілді. Қазақ басынан кешкен басқа трагедиялар, Ұлы Ашаршылық оның көлеңкесінде қалды. Одан басқа нәубет қазақта болмағандай.

  Қазақ билігі осы ұстанымды 30 жыл бойы ту етіп ұстап одан тайған емес. Қазақтың тарихында 20 ғасырдың 74 жылы болмаған, қазақтың тарихы бұл ғасырда 1991 жылдан ғана басталады деген саясат қалыптастырылды. Билік неге осы саясаттан таймай келеді? Ол жағы әрине түсінікті — егер қос ашаршылықты, кәмпеске мен зорлықпен отырықшылдандыруды, қуғын-сүргін зобалаңды мойындасаң  архивтерді ашуға тура келеді. Оны ашсаң большевик, коммунистер ұйымдастырған сұмдық зұлымдықтар ашылады. Ашылған соң, әрине оны айыптау қажет. Оларды ұйымдастырған кім, бұйрық бергендер кім, орындаушылар кім деген сөздер шығады. Оның аяғын қаза бастасаң, ол адамдардың бабасы, атасы, әкесі кімдер, олардың ізбасарлары кімдер дегенге алып келеді. Содан барып ізбасарлардың 1991 жылдан кейін билік басына келгендер екендігі анықталады. Бұндай жағдай қазақ билігіне қажет пе? Әрине, жоқ.

Ондаған жылдар өтті, ата-бабаларымыз сол басынан кешкен сұмдықтарын айта алмай шейіт кетті, тірілері іштен тынып өмірі өксіп өтті. Соларды ұмытайық па? Сол жылдарды ұмыттырып оқулықтарға қоспай сызып тастап отырған бүгінгі қазақ билігінің саясаты дұрыс па? Соған үндемей отырған біз қандай халықпыз? Біз тарихымызды ұмытып бара жатқан, жадымыз 30 жылғы саясатпен уланған халықпыз.  «Басынан өткен зұлматын ұмытқан халық оны қайтадан кешеді» (Дудаев) дегеннің қайталануын күтіп жүре береміз бе…

 Отыз жылдай болды тәуелсіздікке қолымыздың жеткеніне, отыз жылдай болды өз тарихымызды шынайы зерттеп өз еркімізбен жинастырып жинақтауға қолымыздың жеткеніне. Бірақ отыз жыл  уақытымыз бекер кетті, қазақ үкіметі бұл уақытты пайдаланбады, тіпті пайдаланудан бас тартты деуге болар..

  Осы кезеңде ашаршылық жайлы көптеген жаңа деректер, құпиялар ашылды. Біраз сұмдық құпияларды Ресей үкіметі 2000 жылдардың басында ашып тастады, аз ғана уақытқа. Артынша дереу жапты, қаншама сұмдық құпиялардың шет жағасын ашып қойғанын дереу түсіне қойды. Путин бұл деректерді 2042 жылға дейін жабуға  бұйрық етті. Бірақ сол ашылған аз да болса құпияларды қазақ үкіметі жұртшылыққа таратуға тырысты ма? Жоқ. Ештеңені көрмеген болды.. Бұл тақырыптың қаншалықты өздері үшін сұмдық қорқынышты екенін қазақ басшылығы сонау 1992 жылы байқатқан еді…

   Қазақстан Республикасының Жоғарғы Кеңесі Президиумы 1991 жылы арнайы комиссия құрып, комиссия бір жыл жұмыс жасап «30-ы жылдардағы Қазақстандағы ашаршылықтың себептері» жайлы Қорытынды жасаған болатын.  1991 жылдың 12 қарашасынан 1992 жылдың қараша айына дейін жұмыс жасаған Комиссия ұжымдастыру кезінде ашаршылыққа алып келген нормативтік құқықтық актілерді зерттеу нәтижесі бойынша Қорытынды жасады. Комиссияның Қорытындысы 1992 жылдың 22 желтоқсанында «Советы Казахстана» және «Казахстанская правда» газеттерінде орысша мәтінде ғана жарияланды. Қорытындымен танысып шыққан  сол кездегі президент Н. Назарбаев комиссияның жасаған қорытындысынан шошып кетті деуге болады. Комиссия ашық текстпен қазақ халқына қарсы ГЕНОЦИД саясаты жүргізілген деді. Дереу тапсырма түсірілді, бұл мәселе жабылсын, қозғалмасын деген пәрмен берілді. Міне сол кезден бері Ашаршылық тақырыбы елімізде терең зерттелуге жатпайтын тақырыпқа айналды, жабық мәселе ретінде  жылына бір рет атап өтілетін 1937 жылғы зобалаң мәселесімен бірге атап өтіледі, сылап-сипап айтылады.

   Жоғарыда айттым ғой, Ашаршылық жайлы деректер, құпиялар өзімізде де ашылып жатыр. Бірақ сол материалдар жалпы қазаққа жетіп жатыр ма? Жоқ. Үкіметтің оларды жалпы жұртшылыққа жеткізуге құлқы жоқ. Оларды бірен-саран мамандар мен тарихшылар, зерттеушілер ғана оқиды, пайдаланады. Неге? Не себептен? Себебі, жоғарыдан тапсырма жоқ, президент айтқан жоқ, үкімет қаржы бөлген жоқ. Тарихшы мамандар ше, ғалымдар ше дейсіз ғой. Олар да бұйрық күтіп отыр, тарихты жазуға, зерттеуге үкіметтен қаржы күтіп отыр.

   Осыдан бірнеше жыл бұрын Қызылорданың кәсіби суретшілері, атақты қылқалам шеберлерімен сөйлесіп, сөз арасында неге Қазан төңкерісі, қызылдардың қырғынына, ашаршылық жайлы, Перовскінің қанішер жендеті болған Гержод жайлы, Қызылорданы 200 жылдығына арналған суреттер салмайсыңдар деп сұраған едім. Сол кезде олардың сөздерінен ұққаным: Мұндай шығармаларды жазуға үкіметтен сұраныс, тапсырма түспеген, үкімет қаржы бөлмеген деді. Тарихшылар да, тарих мамандары да осындай мағынада жауап қайырды. Яғни үкімет тарапынан Ашаршылық, қызылдар қырғыны, кәмпеске тарихы жайлы жазуға, ғылыми еңбек қорғауға тапсырма түспеген, ақшалай қаржы бөлінбеген.

   Өз басым жоғарыда айтылған, ашылған құпия деректер мен материалдар жұртшылыққа жетсін, қарапайым жұртшылық оқысын деп «Ашаршылық ақиқаты» деректер мен дәйектер атты екі кітап құрастырдым, көптеген тарихи материалдарды қазақшаға аудардым, оларды үнемі газет беттерінде жариялап келемін. Мен тарихшы, ғылыми атақ жолындағы ізденуші емеспін. Бар болғаны жәй өлкетанушымын. Маған оларды жазуға тапсырма түскен жоқ, ешкім кітап шығаруға ақша бөлген жоқ. Тапсырма түспеді деп отыра беруім дұрыс болмас деп ойладым. Кейбіреулердің осы орайда берген сұрақтарына,  тарихқа не үшін араласып жүрсің деген сұрақтарына жауабым осындай.

   Ашаршылық тақырыбын зерттеу барысында көптеген ойлар мен пікірлерді түйдім, ой елегімнен өткіздім.

 Бірінші түйгенім. Біз жадынан айрылған халық болып бара жатырмыз. Қазіргі жастарымыз, әсіресе орыстілділер қазақтың басынан өткен трагедияларды — революция, еріксіз отырықшылдандыру, кәмпеске, Ашаршылық, соғыс, 70 жылдық кеңестік езгіні білмейді, 30 жылдық өтіріктен бастары есеңгіреп қалған. Бұл саясат бүгінгі күннің ұстанымы болып отыр.

Керісінше, тәуелсіздік үшін күрескендерді қорлау дәстүрі қалып алып барады. Халқы үшін, отбасы мен ұрпағын сақтап қалу үшін зорлықшылармен күрескен ата-бабаларды  аяусыздықпен қырған жендеттерді мадақтап «батыр» атап жатырмыз. Оның мысалы ретінде Қызылорда қаласындағы аттарына көшелер берілген Гержодтың қазақ көмекшілерін айтуға болады. Бұл жағдай тәуелсіздігіміз үшін қырылған, жазықсыз құрбан болғандарды мазақ ету емес пе!?  Еврейлер холокосты ұмытпайды, армяндар да өздеріне геноцид жасалды дегенді ауыздарынан тастамайды. Арнайы заңдар шығарды. Егер осы екі ұлт өкілдеріне  айтып отырған геноцидтар  болмаған  деп айтып көрші, сол үшін сізді жауапкершілікке тартады, себебі солай етуге  арнайы шығарған заңы бар.  Сонда біздің халықта жадымызға қоса, намыстың да болмағаны ма?

 Біз қазақтар, өз тарихымызды өзіміз зерттеуден, білуден қашып одан бас тартып жүрген халықпыз. Олай дейтін бір себебім: «Ашаршылық ақиқаты» кітабымды оқығандар «өте ауыр кітап екен, жүрегім ауырды, аяғына дейін әрең оқыдым» дейді де «балаларыма оқуға бермедім, ондай сұмдықты оқымасын» деп өзінше пәлсапа айтады. Құдды қорқынышты фильмді көруге балаларына рұқсат бермегендей мінез танытады. Сонда қазақ үшін Ашаршылық  — ұмытуға тиіс, жас ұрпақ білмеуі тиіс тақырып болғаны ғой, беті аулақ болсын, ондай тарихты еске түсіріп қажеті жоқ дегені ғой?   Бұл қазақтың надандығы ма, сауатсыздығы ма, әлде қараңғылығы ма, не деуге болады? Әлде үкіметіміздің саясаты сондай болғандықтан ба? Осындай сұмдық трагедияны, ешбір халық басынан кешпеген қиямет-қайымды өз тарихын қазақ ұмытса қазаққа жақсы болады екен ғой. «Басынан кешкен зұлматын ұмытқан халық оны қайтадан кешеді» деп айтқан шешен президенті Дудаевтың сөзі неге бізге сабақ емес! Ашаршылық мәселесі сөз бола қалса қазақ үкіметі, тарихшылары, мамандары мен ғалымдары тартыншақтап, бүгежектеп қала береді. Айтар сөздерін түгел айтпай, жартысын жұтып қалады. Бұл не деген қорқыныш, неге соншама үрей жиналған бойымызда?

Екінші түйгенім. Билік басында отырған бүгінгі қазақ басшылығы өзінің төл тарихынан теріс айналып отыр. Олар құдды аспаннан салбырап түскендер. Олар қазақтың тарихынан тыс адамдар, басқа планетадан ауып келгендер сияқты. Олар бүгінгі ұрпаққа қазақтың өткен тарихына басқаша көзбен қарауды ұсынып отыр, ХХ ғасырдың 74 жылын сызып тастап, онымен байланыстырмау керек деп санайды.  Себебі… қорқынышты.  Иа, қазақтың 20 ғасырдағы өткен тарихы сұмдық қорқынышты, сұмдық трагедиялы, оның беттерін ашып оқыған кезіңде жүрегің шыдамайтындай халде боласың. Бірақ, бұл тарих қазақстандықтардың емес, қазақтың ащы да болса, қайғылы болса да өз тарихы, төл тарихы емес пе.

Үшінші түйгенім. Біз Ашаршылық мәселесінде Ресейдің ұстанымы мен бас изеуіне жалтақтап отырған елміз. Себебі Ашаршылықты айтсаң болды, бұл мәселені жіті бақылап отырған Ресей үкіметі еліміздегі орыстілді басылымдарды сол заматта қарсы айдап салады. «Ашаршылық Кеңес одағының барлық жерінде болған, жалғыз қазақта емес деп неше түрлі дәлелдерді айтып өре түрегеледі.  Олардың ішінде орыстілді қазақтарымыз да аз емес. Осы орайда, отызыншы жылдардағы Ашаршылыққа күмән келтіретіндердің ішінде қызылордалық жерлесіміз, қазір Алматыдағы «Орталық Азия мониторы» атты орыс газетінде жұмыс істейтін Жеңіс Дәрменовтың осындайлардың арасында жүргені өте өкінішті-ақ. Бұл жерлесіміз «Массовый голод 1930-х в Казахстане: а был ли геноцид?» деген тақырыпта бірнеше материалдар жазды. Әрине, ол өз пікірімді білдіруге құқым бар дейтін шығар. Бірақ осы азаматтың мұндай материалдарды ресейлік сайттарда жариялап отыруы, қазақ пен орыстың басылымдарын қазақтілді БАҚ-а қарсы қоюы жалғыз осы ғана емес, ұлтаралық жанжалдар бола қалса дереу қазақтарды қаралап (мысалы, қазақ-дұнған жанжалында) мақала жазуы өзін қаржыландырып отырған ресейлік сайттар мен газеттің жалдамалы қызметкері екенін танытып отыр. Мұның өзі ресейлік ақпараттық лоббидің елімізде емін-еркін жүргендігін, оларға қарсы сөз айтуға қазақ билігінің дәрменсіз екендігін көрсетіп отыр.

Ашаршылық нәубетін ұмытпаймыз деп тілімізбен қанша сайрап жүрсек те, шын мәнінде ұлтымыздың тарихындағы   бұл қаралы нәубетті ұмытпайтындай ештеңе істеген жоқпыз, оны ресми заңмен құжаттаған жоқпыз, оны халқымызды жоюға бағытталған қолдан жасалған нәубет деп таныған жоқпыз. Бұл сұмдық зұлмат ашаршылықты кім жасады, қалай жасады, бәрі құжаттарда сақталған,  орындаушылардың да аты-жөндері жазылған. Олардың атын атап жаппай жария ету ғана қалып отыр. Ол биліктің қолында, бірақ ол Ресейден қорқып отыр…  

Әрине, Ашаршылықтың ақиқаты бір күні ашылар, Геноцид болғанын бір жылдары мойындармыз. Бірақ әзір емес, ондаған жылдар өткен соң. Оның өзінде де сол кездегі ұрпақ Ашаршылықты аңыз, ертегі, саяси үгіт-насихат есебінде осы бір Ұлы трагедияны сенімсіздікпен қабылдайтын уақыт туған кезде.. Ашаршылықтың тірі куәлары, бұл оқиғаны жақсы зерттей алатын, терең білетін  тарихшылар мен мамандар әлдеқашан дүниеден өтіп кетті. Әттеген-ай, осыдан 25-30 жылдар бұрын бұл мәселені сол кісілер тірі кезінде қолға алғанымызда ғой. Сүйтіп билік өз дегеніне жетті, тірі куәлер бүгін қалған жоқ.. Билікке де керегі осы еді…                                

 Ашаршылық тақырыбы бұрынғысынша тарихымыздың ақтаңдағы болып келеді, жастарымыз ашаршылық тақырыбын білмейтін, жадынан айрылған ұрпақ болып тәрбиеленуде, келешек ұрпақтың жады не болмақ? Бұл мәселе тек қана тарихшы мамандардың, қоғам зерттеушілерінің мәселесі емес, бұл мәселе — ұлтымыздың, қазақтың, қазақ ұлтының өзекті мәселесі болып қала бермек…  Ашаршылық саясатын зерттеу, ашаршылықтың ақиқатын анықтау мәселесі орыстілділердің қолында қалып отыр. Билік те солардың қолында..  Бұл жағдай өзгермей Ашаршылықтың ақиқатын анықтау мүмкін болмасы анық…                       

2020 жыл

 

                                    С.Жүсіп

 

 

Spread the love

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Please enter your comment!
Please enter your name here

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.