Жақында ғана әлеуметтік желіде бірнеше жалдамалы блогерсымақтардың Евгений Жовтиске қарсы шабуылдары жарияланды. Айтатындары баяғы  жауыр болған «ән» — шетелден, госдептен грант алады сияқты нәрселер. Әрине, оларға онша мән бермесе де болар еді, үйреншікті жырларын айтты, жоқ болды.

Бірақ, менің қазақтілді достарымның маған хабарлауынша Жовтистің митинг жайлы заң жобасы баламасына шабуыл негізінен алғанда желінің қазақтілді секторында көп. Жовтистің жобасын сынаушыларды «мықты» бір қолдың бір бағытта талқылауды басқарып отырғаны байқалады. Әйтпесе олардың көпшілігі «жетексіз» жүре алмайтындар.

Жовтистің жобасының «осал» жері деп, атап айтқанда Қазақстанда шетелдік азаматтарға митинг жасауға рұқсат беру мәселесін таңдап алыпты. Талқылаудың акценттік бағыты — егер рұқсат берілсе ресейліктер елімізге келіп қаптап кетеді, жерімізді митинг алаңына айналдырып, отанымыздың қауіпсіздігіне қауіп төндіретін болады…

Сабыр, сабыр етейік ағайын. Ресейліктер елімізде толып жатыр, олар осы жерде туғандар, өскендер, олардың арасында мыңдағанының қалтасында ресейлік паспорттары бар, бірақ Қазақстанның азаматтары саналады. Ал біле білсек, отанымыздың қауіпсіздігін «ойлап» отырғандар, Жовтиске қарсы шабуылды ұйымдастырушы биліктегілер оларға қарсы, қос паспорт  иелеріне қарсы (біле тұра) аузын аша алмайды, оларды қуғындамайды.  

Карантин болғандықтан ғана тыныштық болып отыр, 9 мамыр күні ондаған, жүздеген «сарбаздар», «крест жорығын», «мәңгі полк» шеруін, «донбастықтардың , өліп қалған жалған аталарының  суреттерін көтеріп, ленталарын тағып көшелерімізде жүргендерін көрген болар едік. Әкімдікте отырғандар оларға жан жақтан қолдау көрсетіп, орталық көшелерді жауып, жүздеген мың адамдарға зиян, шығын әкелер еді. Ал сол шерушілердің жартысы ресейліктер. Мықты болсаңдар, неге соларға тиым сала алмай отырсыңдар?

Шын мәнінде шетелдік азаматтарға митинг өткізуге рұқсат беру тәжірибесі әлемде өте кең тараған, қалыпты саналады. Ешкім оған таң қалмайды, проблема емес. Мысал ретінде айтайын, осы норманы пайдаланып біз 2007 жылы Украинада Қазақстанның елшілігі алдында пикет және митинг өткіздік. Бар болғаны жергілікті управаға күні мен уақытын, орнын және тақырыбын хабарладық. Бірнеше полицейлер келіп алыстан бақылап бізді арандатудан қорғап тұрды.

Осы норманы пайдаланып Варшавада ЕҚЫҰ мәжілісі өткен жерде пикет өткіздік. Оған тіпті рұқсат та сұраған жоқпыз, польшалық заң бойынша саны 15 адамға дейінгі акциялар жайлы хабарламаса да болады…

Осы норманы пайдаланып шетелдегі қазақтар АҚШ, Франция, Германия, Британияда бізді қолдап митинг, пикеттер өткізсе.. оған сіз қарсысыз ба?

Осы норманы пайдаланып Түркменістан, Тәжікстан және басқа көрші елдің азаматтары өз саяси белсенділерін қорғап диктаторлық режиміне қарсы біздің елімізде наразылық айтса да сіз оған қарсы боласыз ба?

Бұл жерде биліктің Жовтиске деген өшпенділігі неден туындап отыр?  Жауабы былай: Жовтис өзінің мықты дәлелдерімен, білікті сарапшылдығымен Абаевтың  жобасын быт-шыт шығарғаны үшін, бюджеттің ақшасын «мемтапсырысқа» пайдаланып  айтақталған  блогерсымақтардың ауыздарын жапқаны үшін, кімнің кім екенін көрсеткені үшін.

 Евгений Жовтистің заң жобасынан еш жерінен кемшілік таба алмайсың, себебі ол барлық демократиялық принциптерге, Қазақстан қабылдаған, қол қойған міндеттемелерге сай келеді. Өкініштісі сол, Қазақстан демократиялық елдің шапанын кигені болмаса, ішкі мазмұны оған сай емес.

Ұйымдастырылған бұл шабуылдың тағы бір себебі — Назарбаевтың ең мықты саналатын осы заң жобасын дайындауға қатысқан»ақылгөйлерінің» әлемдік сахнада масқара болып жеңілуі.

Жовтис пен оның аргументтеріне қарсы ешқандай нақты дәлел мен сөздер таба алмаған биліктің «қорғаушылыры» амалсыз бұл мәселені қазақтілді секторда ғана талқылаудан аса алмады. Осылай өзінің әлсіздігін, бишаралығын тағы да көрсетті.

 

Spread the love

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Please enter your comment!
Please enter your name here

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.