Соңғы кездері әлеуметтік желінің айналасында жүрген жұртшылықты неше түрлі оқиғалар ойландырып тастады. Көптеген адамдар бұл оқиғаларды әртүрлі себептермен тіпті түсіне алар емес.

Кейбір тұлғалар, ондаған жылдар бойы назарбаевтық диктатураның қайнаған ортасында жүріп, сол авторитаритарлық диктатурамен әртүрлі салада қызметтік қатынаста болып, сол режимді мақтап, кезінде оған қарсы күресушілерді дұшпан қатарына санап олармен күресіп келген еді, енді бүгін жұртшылықтың алдында сол режимге өздері қарсы күреске шығып түрмеге қамалуға дейін барып отыр.

Әрине, кез келген адамның белгілі бір уақыттан кейін, өмірден алған сабағының нәтижесінде   көзінің ашылатынына сеніміміз болуы тиіс, жалпы адамның өзгеруі заңдылық нәрсе, оның себептері көп. Солай болған, бола береді. Әрбір жемістің өзінің  пісу шағы бар.

Бірақ…  бір мезгілде «піскендердің», өмір бойы шикі «кәмек» болып жүріп, өздерінің «шикі кәмектігіне» мақтанушылардың… өздерінің сол жүйенің қабырғасының «кетігін» тауып қаланған «бір кірпіші» болғанына қанағаттанып келгендердің, жүйенің «өнімдерінің», олардың ізбасарларының аяқ астынан «пісіп» жатқандарын көріп отырмыз. Өмірде не болып жатыр, осы…

Бұл орайда, болып жатқан оқиғаларды қисынмен түсіндіретін, сірә солай шығар деп пайымдайтын негіздерді, мұндай оқиғаларға таңданар ештеңесі жоқ, алдымызда талайы кездесері анық дейтін бірнеше болжамдарды ұсынуға болар.

Біздің пайымдауымыз бойынша, мәселе диктатураның өмір сүру заңдылығы мен оны сақтап қалудың заңдылығына байланысты болар. Айтып отырғаным, назарбаевтық диктатура жайлы емес, жалпы диктатураны сақтау мәселесі, мұндай диктатуралар адамзат баласының тарихында талайы болған, ежелден болып келеді.

Диктатураның «өзін өзі сақтап қалатын» екі  ғана «заңдылығы» бар: 1. азаматтарға (адамдардың барлығына) бірігулеріне ешқандай мүмкіндік бермеу; 2. саясат кеңістігінде байқалған билікке қабілеті  бар адамды (мейлі ол кім болсын) «басы» көрінген (қылтиған) сәтте «арам шөп» сияқты жұлып тастау.. Бұл жерде «саясат кеңістігінде байқалған» деген сөздің мағынасын «рұқсатсыз байқалған» деп түсіну  қажет, әйтпесе демократиялық перде киген диктатты елдерде «асыранды» (жасанды деуге де болады) билікке «ұмтылушылар» толып жатыр, бірақ олар шынайы еместер… 

«Өзін өзі сақтаудың» осы екі заңдылығын ұстанған диктатура айналасын тиісті әлеуметпен толтырады. Бұл әлеуметтің адамдары қарапайым «қарашалық»  деңгейден аспауы керек, өзінен бойы да, ойы да биік адамдарды диктатор  қатарына жақындатпайды; осы әдіспен орындалған № 2 заң бойынша диктаторға жан-жағын бақылап отыру оңай, «бойы» биік қауіпті адам алыстан көрінеді, ондай арам шөптің «қылтиған» басын шауып тастау оңай…

Диктатордың айналасындағы қарапайым «қарашалар» ешқашан біріге алмайтындай болулары керек (кез келген бірігу, ақша мен қаражаттың жиналуы, ол диктаторға қарсы жұмсалуы мүмкін), сол себептен де диктатор қасындағыларды тақтың айналасына бірде жақындатып, бірде алыстатып отырады. Ең бастысы — патшаның «дастарханына» жақындату қашықтығы сақталып отырады,  «дастарханның» айналасында бүгін біреулер отыр, ертең сені кетіріп басқалар отырады, сен «дастарханнан» алыста отырсың, дастарханға қолың жетпей қалады, анда-санда ғана «асатуға» шақырыласың. Бұлай жасау әдісі — № 1 заңның ережелері. Осылай жасау әдісі — «дастарханның» шетіне отырғандар мен «асатуға» ғана қолы жететіндердің, «қарашалардың»  арасында бір-бірлеріне деген дұшпандығын, жек көрушіліктерін тудырады. Патша «дастарханындағы» майлы жіліктерге қолы жетуі үшін айналасындағылар өзі сияқты «қарашаларды» аямайды, реті келсе үстінен аттап, жаншып таптап, шынтағымен итеріп, жұдырығымен түйіп отырады. Мұндай жерде бірлік қайдан болсын..

Дәл осылай болғаны диктатураға өте жақсы.  «Дастарханның» яғни тақтың айналасында отырғандар күштілер, орнын ешкімге бермейді, жақындаймын дегендерге жаны қас, өзінен әлсіз, жүдеулерді аямайды. Бұл жағдай біраз  уақытқа созылар, бірақ мәңгі бола бермейді.

Диктатура дегеніміз –  диктатордың басқаруы. Ол жасармайды, мейлі жас ағзаларды, жас клеткаларды денесіне күнде салсын, «өлмес эликсирді», жас ағзаның қанын, эмбриондарын ішсін. Өлмейтін адам  тарихта болмаған, мейлі Құдайдың жердегі пайғамбары болса да.. Ол да өмірден өтеді.

Диктатор мен оның диктатурасы ұзақ өмір сүрген сайын оны ауыстырамын деген талайлар өз мүмкіндіктерінен айрылды.

Қазіргі уақытта  осы диктатордың билеу заманында туған ұрпақпен бірге өмір сүріп жатырмыз. Олар оның уақытында ер жетті, оның уақытында бала-шағалы болды. Бұл диктатура кем дегенде екі ұрпаққа, тіпті үшеу деуге болар, олардың болашағына,  амбицияларына, келешек өрлеу жолына бөгет болып өмір жолын еш қылды…

Диктатордың тағынан алыс аймақтағылар революциялық реформаларға  үміт артулары мүмкін, себебі олар  билікке жақындауға ешқандай мүмкіндіктің жоқтығын, тақ пен «дастарханның» айналасында сол жерде билікке жақындап қаламын ба деген үмітпен жүрген «қарашалардың» ағайын-туғандары, жақындарының толып жүргенін көріп отыр. Олар диктатордың тағын күзетіп ол маңға ешкімді жуытпайды.

Тақтың айналасынан алыс аймақта жүргендер қазір бұрқ-сарқ етіп ашуланып айғайлап жүр, айқайлары күн санап өршуде. Олардың арасында «біріншілер» жүр, бірақ оларды сол заматта  жақындатпай жоқ етуде («бірінші заңдылық»).  «Екіншілер» алғашқыда тығылып» сосын қорқынышын тиятын болса — «біріншілерге» айналады….  Өкінішке қарай, «біріншілер мен екіншілер» аз, қалғандары әлі күнге дейін үрей мен қорқыныштан шыға алар емес, оларды әзірше жанкештілікпен қолдауға  батылдықтары жетпеуде…

Тақ айналасына жақындау жүргендердің арасында қазіргі таңда әртүрлі процестер жүріп жатыр. Диктатор оларды осы кезге дейін қарапайым «қарашалар» санатында  ұстап келген еді. Міне,  осылай басқару әдісінің   тұтқынына енді өзі айналып отыр. Қарапайым «қарашалар» диктатураның қауіпсіздігінің осы кезге дейін шарты болып келіп еді, енді тақтан «қауіпсіз секіріп» түсуіне тосқауыл бола бастады.  Тақтан түскеннен кейінгі шақтың қауіпсіздігінің қалқаны болып келген Конституцияға енгізілген «Бірінші президент туралы» заңның өзі шайқалып тұр. Ол заң бір-екі сағатта алынады да, диктаторды басқа заңдарға сәйкес тиісті орнына, белгіленген мерзімге жібереді..

Осы жағдайларды болдырмау үшін, мұрагер керек, мұрагер басқалардан бойы  ерекше биік әрі қалың, әрі жуан болуы тиіс. Мұрагердің күштілігі сонша, ол адам өзіне қарсы шыққанды сол заматта жоқ ететіндей болуы керек. Міне сондай адам ғана (тиісті шарттармен қамтамасыз етілсе) диктатурасынан айрылған диктаторға тыныш өмірді қамтамасыз ете алады. Отыз жылдан астам басқарған уақытында басқаларды жаншып, таптап, қорлаудың нәтижесінде өзіне қарсы қаншама алпауыт дұшпандарды жинаған диктатордың болашағының бұлдыр болуы сол себептен..

Бірақ ондай адамды қайдан табасың? Айналасының барлығы бойлары да, ойлары да бірдейлердің арасынан ондай адам табыла ма? Ондай адамды шығару үшін уақыт керек. Бүгінгі Қазақстандағы жағдаят осындай, Тоқаев — тақта уақытша отырған, «қабілеттілігі болмай қалды» деген команданы күтіп отырған адам, Дариға Назарбаева тақтың соңғы басқышында тұрған адам, бірақ  күші жоқ, Х сағатта бәрін лақтырып жіберіп таққа отыруға дәрмені жетпейді.  Тақ мінберінің айналасындағы басқаларға келетін болсақ, олар тақты айнала қоршап, тақтан көздерін алмай «сәтті жағдайды» күтіп жүр.

Мынадай балалардың ойынын білерсіздер, ортада бірнеше орындықтар тұрады, оны айналып ән салып жүрген балалардың саны орындықтан бірнеше есе көп. Музыка кенеттен тоқтайды, мақсат — қолын ұстағандарды лақтырып жіберіп, итере-митере басынан қарғып орындыққа жетіп отыру. Үлгермегендер ойыннан шығады.  

Қазіргі тақтың айналасындағылардың тірлігі  баланың ойыны емес, көмбеге тігілген жүлденің құны өте қымбат. Бұл «балалар» әрқашан бірін бірі жек көріп келді, олардың патшаның «дастарханына» жақын болу үшін бір бірлеріне жасаған арамзалықтары мен жамандықтары сонша, бір бірлеріне іштері кекке толған. Таққа отырып билікке жеткен адам, ең бірінші солармен есептеседі, кегін алады. Полицейлік режимдік аппарат диктатор «фас» десе болды, «дұшпандардың» күл-паршасын шығарады да лақтырған сүйекті олжа етеді.

 

Әңгімеміздің басына оралайық. Біз қисынын түсіндіріп бере алмай отырған оқиғалардың «дейін және кейін» болған жәйттарын «көрмегендіктен» біздің пайымдауымызша бұл істің бастауы сол тақтың айналасындағы кландар мен топтардан шығып отыр, тірліктерінен табиғи бастау алады. Сөз басында айтылған кісілердің оппозициялықтары, режимді  аяусыз сынаулары, болашақ бәсекелестердің позициясын, «әскери» күші мен тактикасын, кімнің кім  екенін байқап көру жолындағы «шолғыншылардың» әрекеттері сияқты болса керек. «Шолғыншыларды» жібергендер де, оларды ұстап кім жұмсап жібергенін білгісі келетіндер, басқа топтар да бір бірлерін аңдысушылар.  Жақын уақытта болып қалуы мүмкін өзгерістерді үндемей күтіп жүргендер, «бақытты сәтті» күтушілер және басқалар…

 

Қайталап айтқымыз келеді, бұл тек болжамдар, шындықтың шыңы деп айта алмаймыз, әйтсе де бұл болжамдар нақты деректер мен тәжірибеден тұратын қисынды дәлелдермен байланыстырылған.

Уақыт келер — көрсетер. Аяғына дейін оқып шыққандарға, ықластарыңыз үшін рахмет))).

 

Spread the love

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Please enter your comment!
Please enter your name here

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.