Әлнұр Ильяшев қамалды, Арман Шораевты әуелі қамап біраз қыспаққа салып, сосын босатты. Марғұлан Сейсенбайды қалай қысып, қорқытып жатыр екен, ол жағы түсініксіз…. Геннадий Крестьянский 10 тәулікке қамауға кетті. Әлімжан Ізбасаров, Асанәлі Сүйінбаев, Бекзат Мақсұтханұлы тағы басқа  онша аты көпке таныс емес азаматтық белсенділер жындыханаға жабылды. 

Осының барлығы ТЖ мен карантиннің кезінде болып жатыр,  ел ішінде  наразылық акциялар жасау түгілі, көшеде жүрген ешкімді көре алмайтын кезде. 

«Не болып жатыр?»  деген сұраққа ондаған жауаптың болжамдары бар, олардың көпшілігі конспирологиялық па, әлде болып жатқан оқиғаларға жапсыра салу ма, ажырату қиын.  Өзіме келер болсам, таң қалып отырмын, неге екенін білмеймін 2001-2002 жылдары,  Әбләзов және басқалар бастаған «Қазақстанның демократиялық таңдауы» атты республикалық қоғамдық бірлестігінің  дүниеге келуі есіме түсіп отыр. Мүмкін менің түпсанамда жатқан түйсіктер менің санамнан еріксіз туындап сол кездерді бүгінгі күндермен салыстырып отыр ма екен… 

Бүгінгі полицейлердің абыр-сабырлы  абыржулы хаостық әрекеттеріне ұқсастықтар сол кездегі ҚДТ-ң құрылғаны жайлы хабардың алғашқы күндері мен апталарында, сағаттарында болған еді. Міне дәл сол кезде бүгінгі Ақ Орданың тұрғыны  барша жұрттың алдында  «жайсаң батырлығымен» көрінген еді, сол кезде ол премьер-министр болатын.  Премьерге сөйлейтін сөзін жазып бергендердің өздері өз сөздерінен шошып кеткендей еді, оның сөз астарында  «дар» арқаны байқалып тұрды.  Сол кезде  премьер Тоқаевтың  президент Назарбаевқа ультиматум (біліп қойыңдар, Тоқаевтың кім екенін!)  қойғаны естеріңізде болар.  «ҚДТ басшылары мемлекет биліктерінен кетсін, әйтпесе МЕН кетемін!!!» Дәл солай айтты, бірақ ескерте кететін бір жері бар, Тоқаев  сөйлеген кезінде қолы мен ауызы дірілдеп тұрды: қайтсін бишара, әйтпесе қамалу қаупі … 

Иа, сүйтіп болашақ Елбасы «қолбала» премьер-министрінің  айтқанына көнді — ультиматум талаптарын орындады: Жақиянов, Жандосов, Ертілесова, Байменов… қызметтерінен шығарылды (Мұхтар Әбләзов ол кезде министр емес еді),  «Отан» партиясынан сайланған Әбіловты өз әріптестері  партиядан және Мәжілістен шығарды…  Себебі де айтылды: мемлекет қызметкерлері ешқандай саяси бірлестіктерде мүше болуға құқылары жоқ…  Сол кезде болған жағдайды түсіну үшін мынаған назар аударыңыздаршы — бүгінгі мемқызметкерлердің ішінен «Нұр Отанға» мүше емес бір адамды тауып көріңдерші.. 

   Осы бір кішкентай ғана тарихтың өткеніне жасаған қысқа сапарымыз  — ең жоғарғы билік қатарында сол кездегі оқиға қайталанса ше деген ойға жетелейді. Қоғамдық жағдайдың шиеленісінің қызулығы артып келеді — оның айқындығында күмән жоқ, нағыз статистика. Елді тығырыққа тіреп құрдымға жеткізген диктатураның өлер алдындағы заңдылыққа айналған соңғы дем алысы, соңғы сәттері емес пе. Болмысқа дауа жоқ, бұл диалектика. Назарбаев заманынан кейінгі  уақытты  болжаушылардың соған  дайындалулары керек. 

Сол заманға дайындалушылар күннен күнге көбейіп бара жатқан сияқты. Ең төмендегі бұқара жұртшылықтың қайнатып жатқан қазанын Мұхтар Әбләзовтың жаңа ҚДТ қайнатып қыздырып жатыр. Бұл жағдайға басқа да объективті жағдайлар қосылуда, қайнау шегі ортадан асып жоғарыға жақындауы мүмкін… Полицейлердің әбігерге түсіп, үрейге бой алдырулары  бекерден бекер болмаса керек, төмендегі қара халық пен ортадағылар қосылып бірігіп кетсе жоғарыдағы осы кезге дейін «қаймақ» болып келгендер жаман сасық кір көбікке айналып ұшып кетулері мүмкін… 

Осы тұрғыдан алғанда полицейлердің бүгінгі жасап жатқан  әрекеттері — қысымдары, қорқыту-үркітулері, қамауға алулары бекер болмаса керек, «түсінбейтіндерді»,  алдын ала іс-қимылдар жасап, орынсыз сөйлегендерді, басын қылтитқандарды жаппай қамап, естерін жиғызбай түрмеге тоғытып үрей салмақшы…

Назарбаевтың заманында туған, ер жеткен бүгінгі ұрпақ  жаңа тарихымыздың осындай кездерін біле бермеулері мүмкін. Осындай да кездер болған. Ойланыңыздар. 

 

Spread the love

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Please enter your comment!
Please enter your name here

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.