Қазіргі таңдағы «демократиялық Қазақстанда»  ондаған адамдар түрмеде отыр, олардың «қылмыстары»  бар болғаны — өздерін билік деп санайтындардан өзгеше, биліктің пікірінен басқа тәуелсіз пікірлерінің болғандығы. Олар сонымен бірге өз пікірлерін жұрт алдында айтуға қорықпағандар.

Осыдан біршама уақыт бұрын мен де түрмеде отырған кісімін. Сол себептен де болар, түрмеде отырғандардың қандай сезім кешіп отырғандарын, ол адамның қуанышы мен қайғысын, төзімі мен шыдамын жақсы түсінемін…. Ашып отырған осы сайтымыз арқылы сол адамдарға қолдарымыздан келгенше қолдау көрсетпек ойымыз бар. Мен бұл жерде сырттан зат, тамақ жіберуді айтып отырған жоқпын, ол заттар түрмедегілерге мейрам бола алмайды. Ең бастысы — сырттан, еркіндіктен «сендер бекер қапаста отырған жоқсыздар» деген қолдау сөздерді сендерге жиі жеткізіп тұру. Сендердің атқарған қоғамдық-саяси  іс-қимылдарыңды жұртшылық бағалап жатыр, елдің аузындасыңдар, істерің ұмытылмайды. Әлі есімде, түрмеден жазған бір хатымда мынадай «көріністі» суреттеген едім: батпақтың ортасында тұрмын, жағаға жеткім келеді…, барлық «қуаныштарым», батпақтың арасындағы кішкентай төмпешіктер —  хаттар, телефонмен сөйлесу, адвокаттың келіп тұруы, сырттан келетін азық-түлік, кездесулер… — міне сол төмпешіктермен аттап үйге жақындап келе жатырмын… Осындай кішкентай оқиғалар неғұрлым көп болса, соғұрлым тезірек үйге жетемін…

Әсет ӘБІШЕВ – сондай азаматтардың бірі.  Әсет –  Макс БОҚАЕВ сияқты жігіттердің бірі, мұндай жігіттерді лагерьлік мәдени тілмен айтқанда «иманжүзді қамалушы» деп атайды. Түрменің ішінде мұндай абыройлы атаққа ие болу — өте қымбат дәреже. Болаттай мықты «қазық» бола білу, қажымай, шаршамай, уайымға салынбай төзе білу, адами имандылық қасиеттерді жоғалтпай, соған сай болуға жігіттің жігіті ғана шыдайды. Бұл екі жігіт және басқалар осындай ерлер.

Бұл азаматтар тек өздерін ғана емес, өзгелерді, қасындағы достарын алға сүйреп, қиналғандарды, әлсіздерді демеп үлгі болып жүргендер. Мұндайларды түрме әкімдігінің қызметкерлері ерекше жек көреді. Содан болар, оларға қарсы қолдан ұйымдастырылған кінәлар тағу, сөгістер беру, тәртіп изоляторына қамау жиі жасалуда. Басқа сотталушылардың құқықтық сауаттарын ашпасын, жақсы үлгі көрсетпесін, өздерінің аяусыз жазалау істерін жалғастыра беру  мақсатымен   оларды әлсін-әлсін тәртіп изоляторларына  қамап отырады. Осы әдістерді қолдану арқылы оларды мерзімінен бұрын бостандыққа шығармау. Бүгінгі таңда Әсет ӘБІШЕВКЕ қарсы қысымдық жасаулардың басталғаны жайлы ақпараттар түсуде. Жақында Әсет лагерьдің ішінде коронавирусқа қарсы арнайы шаралар мен жабдықтар қолданылмай жатыр деп түрме әкімдігін сынаған болатын. Мекеме қызметкерлері Әсеттің осы сынына байланысты оған қысымдық шараларын қолданып жатыр. Қысым жасау әдістері баяғыша: сөгіс, тәртіп изоляторы, қатаң жаза қолданатын орын…

Сотталушыларға қарсы  ондаған жылдар бойы тәжрибеден өткен — адамның қадір-қасиетін қорлаулар мен азаптаулар, заңсыз қолданылып келе жатқан адамның арын таптаулар жасаушылар ешқашан жауапқа тартылған емес.

Әсет қазір тәртіп изоляторында (ДИЗО) отыр, одан шығарған соң Әсетті қатаң шаралар қолданатын (СУС) бөлмеге отырғызуы ғажап емес. Түрме әкімдігі Әсетке байланысты істі қарап оған үшінші дәрежелі тәртіпсіз деген атақ беріпті, бұл дәреже бойынша «ерекше қылмыскер» деген атақ беріледі.

Қатаң шара қолданылатын орында (СУС)  телефонмен ешкіммен хабарласа алмайсың, жарты жылда бір рет қана сырттан зат алуыңа болады, бір рет қана тордың ар жағында отырып жақыныңмен қысқа мерзімді уақытта кездесе аласың. Оған қоса, түрме әкімдігі  карантинді барынша пайдаланып тіпті адвокатымен кездесудің өзіне тиым салатын болады, ол тиымның уақыты шексіз.

Сырттан келетін, алатыны тек хаттар ғана. Хаттарды алуға, жазуға шек қойылмаған. Сондықтан Әсетке көбірек хат (тапсырысты хаттар) жазыңыздар, жауап келсін десеңіздер хаттың ішіне бір парақ таза қағаз бен бірнеше маркасы бар конверттерді салыңыздар. Мүмкін болғанша барынша ілтипат, жақсы тілек, жағымды сөздер мол болсын, олардың бәрі түрмеде отырған адамға көмек, қуаныш, жұбаныш. Маған сеніңіздер.

Мекен жайы: Алматы облысы, Заречное селосы, ЛА 155/14  Әсет ӘБІШЕВКЕ.

2018 жылдың 30 қарашасынан бастап Әсет Әбішев  «ҚДТ-а қатысқаны үшін» төрт жылға сотталған. Өздеріңіз білетін боларсыздар, биліктің ҚДТ-н қорыққандары соншалық оған экстремистік деген (қылмыскер дегені ғой) айып тағып отыр. Европа парламенті өз резолюциясында ҚДТ-а  «бейбіт оппозициялық қозғалыс» деген атау берді. 2019 жылдың мамыр айында түрмеде болған жоспарлы тінту шаралары кезінде Әсет Әбішев таяққа жығылды. Әсетке екі рет мерзімінен бұрын шартты түрде шығуға бас тартылды.

Spread the love

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Please enter your comment!
Please enter your name here

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.