ТҮРМЕ ЖАЗБАЛАРЫ   Владимир Козловтың болашақ кітабынан үзінділер

Владимир Козлов —   2012-2016 жылдары  түрмеде отырған Қазақстанның саясаткері. Оппозициялық «Алға»  (ҚДТ) саяси партиясының жетекшісі  ретінде наразылық ереуілге шыққан Жаңаөзен мұнайшыларын қолдағаны үшін жеті жарым жылға сотталған.  Этаптық жолдарда, түрмелерде, лагерьлерде отырған кездерінде жазғандары, біз біле бермейтін тордың ар жағындағы өмірдің шынайы қырлары мен сырлары жазылған осы кітаптан үзінділер жариялап отырмыз.

Кітап әлі басылмаған. Алғаш рет жарияланып отыр.

16.05.12. Біреуді шығарып, басқа біреуді кіргізіп жатыр. Оралдың бір жігіті кірді. Оны Ресейдің Самара қаласынан ұстапты, 96-ы бап, Оралда адам өлтірген. Самара мен Оралдың арасы 300 шақырым.Неге екені белгісіз, оны этаптық маршрутпен Сібір арқылы Петропавлмен алып келе жатыр. Келе жатқанына алты ай болыпты.  Ақылы, есі бүтін, сабырлы. Мектепті ерекше белгімен бітірген, спортшы. Темекі шекпейді, ішпейді. 17 жасында бірінші рет бұзықтығы үшін отырған, төбелес үшін. — 2 жыл алған. Жасы кәмелетке жетпей отырған, енді өмірінің барлық мерзімі осында. Жасы отыз жетіде.

Сөйлесіп келеміз. Сұрақтар қоямын, білгім келеді. Жауап айтып кеңес береді, сақтандырады. Бір жерде тығып қойған жаңғағым бар еді, шығардым. «Положняк» (түрме әкімшілігі беретін азық-түлік) консервілерді жемейміз. Қайнаған су – шәй. Ысталған салями колбасаны да жеп қойдық, ыстықта жақсы сақталады екен, тек кеуіп қалатыны болмаса.

Секеңді (Сапарғали) туалетке шығарған кезінде көріп қаламын кейде, қасымыздан өтеді, сәлемдесеміз.

Анаша мен сигареттің түтіні вагонды түгелімен жайлаған. Конвойдың иттік жасамай келе жатқанына да шүкір. Бұл да қалыпты жағдай. Шымкентте біреулерді шығарып біреулерді кіргізді. Әйелдерге арналған купе бар, ол да біздің хата сияқты. Жас балалар бізбен сөйлескісі келеді, бүкіл вагон болып күлеміз. Екі сөздің бірі боқтық сөз, бірақ адамдар  бірін бірі боқтамайды. Тек сөз арасында қоспа ретінде пайдаланылады.

Шамалы шегінейін – бір жанжал орын алды. Сортировкадан шығып «хатамызға» кірген кезімізде болған жағдай. Бұрышта жас бала отырды, біз кезектесіп кіріп жатқанбыз. Ағаш балдақпен бір мүгедек (бізде олар бірнешеу) кірді де саусағымен көрсетіп: «мынау ренжіген адам» деді. Яғни «курсовкадан» өтпеген. Міндетті түрде рәсімдеуден өтуі тиіс. Оның «ренжіген» екенін жұрт білмесе, оның қолын алып амандасса, сол үшін үндемей айтпағаны үшін оны өлтіріп жіберуі де мүмкін. Мұндай адаммен қарым-қатынас болмауы керек.

Жас бала ұшып түрегеліп қазақша түсіндіре бастады. Менің түсінгенім, оның өзі адам зорлағаны үшін сотталған, полицайлар оны шоқпармен зорлаған көрінеді. Ходоктардың айтуынша жапа көрген жақ полицияға оны зорлаңдар деп  ақша төлейді. Мұнан соң ондай адамның орны «гарем»…  Конвойдың мұндай адамды ортақ хатаға жібергендеріне таң қалдым, өте қауіпті. Біздің хатадағылар оған ең жоғарғы сөреге жатуға рұқсат берді. Түсуге рұқсат жоқ, туалетке де. Бір жақсы жері – жақын жерге Шымкентке келе жатқаны дұрыс болды… Вагонда тағы бір «ренжіген» бар. Ол БС-н бір хатада келеді. Күніне екі рет вагонның коридорын жуады, туалетті тазартады.

Түнде екі адам бір сөреде ұйықтаймыз. Өте ыңғайсыз, ең жаманы – ыстық. Ешкім шешінбейді. Төсек орын – матрас, жастық, көрпе – жоқ, қарастырылмаған. Екі жамылғымды астыма жұмсақ болсын деп төсеймін. Әркімнің өзі үшін осындай бірдеңелері бар. Таң алдында аздап салқындайды, салқын жел соғады. Бірақ ұзақ емес, түске қарай қайтадан ыстық басталады.

«Хатада» тек Маңғыстау, Қызылорда, Оралға баратындар ғана қалды. Таусылмайтын әңгіме. Ақтаулықтармен толып жатқан ортақ таныстарым бар екен, мен олардан үлкенмін. Мен мұнда «дЯханмын», Сапарғали – «шал». Біреулер «Володя аға», екіншілері Володя, алыстан басқа хатадан Волоха, Вован дейді… Біздің хатадағылар біреуі «сіз», екіншілері «сен» дейді, бірақ міндетті түрде құрметпен қарайды. Өзіммен бірге алып шыққан газеттерді оқып жатыр, Жаңаөзенде болған сұмдықты оқып жағаларын ұстап жатыр. Дін, ислам, салафиттер жайлы да әңгіме болды. Терроризмді ешкім қолдамайды, бұл жағы ұнатады. Вагонда дінге, исламға қатыстылар да бар. Біздің хатада бір адам намаз оқиды, бірақ халифатшылар мен салафиттерді қолдамайды.

Ең «крутой» статьялар – тонау, қарақшылық. Адам өлтіру – қандай жағдайда, не үшін. Мысалы, көрші хатада бір «полосатикті» (ең ауыр қылмыскерлер түратын лагерь, бұрын олар шұбар ала көйлектер киген) ерекше режимнен қатаң режимге ауыстырыпты. Сот өкімді өзгертіп, мерзімді азайтыпты, лагерьді ауыстырыпты. Хатамыздағы тағы бір адам өзі істеген Қазком банкынан 70 мың долларды ұрлап бес жыл бойы қашып жүріпті. Бес жылдан соң ұстапты, ұстағаны дұрыс болды, шаршадым қашудан дейді.

Кешке Қызылордаға жеттік: тағы да біреулерді кіргізіп біреулерді шығарды. Осы жерде конвоймен сөзге келіп қалдық, мен де адам құқын айтып айқайлап сөйледім, содан ба, ешкімді бізге кіргізген жоқ. 7 адам қалдық, көрші хаталарда 10-11 адамнан. Алғаш рет адамға ұқсап ұйықтадық, әрқайсымызға бір сөре тиді. Түнде қалтырап тоңып қалдық, көрпелеріміздің астына кіріп кеттік. Таң атты. Қайнаған су, шәй, сөмкелеріміздің түбінде қалған галеттерімізді тауып жедік..  Әңгіме, әңгіме..

Тамақ таусылса да анашаның таусылар түрі жоқ. Бәрі де сорып жатыр. Сірә бірнәрсеге көмегі тиетін шығар. Бүгін 17 мамырда кешке қарай Ақтөбеге бір «столыпин» болуы тиіс. Хатадағылар жаңадан келгендермен дауыстап сөйлесіп жатыр: Ақтөбецентралда жағдай қалай? «Режим» бе әлде «ход» па? Түсініксіз. Сөздері әртүрлі. Жаңа жаңалық жоқ. Пойыз шамалы жүреді де тоқтайды, минут сайын тоқтайды. Ыстық өлтіріп бара жатыр… Далада қайнаған ыстық күн, вагонның іші ыстық, елу градусқа жақын ыстық, ауа тынып тұр, қозғалмайды, себебі барлық терезелер жабық, камерада терден шыққан иіс, өзім де терлеп барамын. Ең қиыны – мұның бәрін өзгертуге шамаң жоқ. Мұндай шарасыздық қаныңды қайнатып жүйкеңді шаршатады екен. Өзіңді өзің бір қалыпта ұстап тұру мүмкін емес. Мұндай кезде есің тоқырап кеткені дұрыс шығар.. Тырысып жатырмын..

Күн батарда Ақтөбеге жеттік. «Столыпин»-автозак.  Іші толған,  20 минуттай жүріп түрмеге жеттік. Бәрімізді «вокзалчикке» шығарды.    5х3 бөлме, біз отыздай адамбыз. Бұрышта унитаз тұр, іші толған нәжіс. Унитаздың бачогі де, қабырғасы да сондай.. Соған лайық иіс. Неше түрлі адамдар. Сөздерінен, іс-қимылдарынан қалыпты өмірді көрмеген, естімегендер деп айтса болады. Бірақ әркім өзінің «қауашағының» бағытымен өмір сүріп жатқандар..

Әуелі қолдарындағы пакет бойынша адамдарды тексерді, сосын бір бірлеп шығарып заттарын шмон жасады. Мен асыққаным жоқ, кейбіреулер бірін бірі итеріп тезірек осы рәсімнен  өтіп камераға, «пятакқа» жетуге асығуда. Олар бұл өмірге баяғыдан бері үйренгендер..

Он адамдай қалдық, бір уақытта «Козлов кім? деген сұрақ. Қызық. Бұған дейін ешкімді аты-жөнін сұрамай кезекпен бір бірлеп алып кетіп жатты. -Мен Козлов.  Шықтым.

Кабинет, төрт полицей офицері. Көп сияқты, көбінесе бір-екі адам отыратын. Ерекше ынтамен және сұрақтармен шмон жасап жатыр. Желдеткіш— сол баяғы үнсіздік сахнасы: -Мынау не..? Түсіндіріп жатырмын, турбинасы ішінде, қалақтары жоқ, мынау пульті.. Басшылыққа көрсетуге, ақылдасуға алып кетті. Менің осы жазбаларымды да алып кетті. Триммер жайлы да осы сұрақтар. Шынымен ақ мұндай заттарды бұрын көрмеген бе? Сөздері дөрекі.. сен деп сөйлеседі. Кейін барып «сізге» ауысып, қалыпты арнаға түсіп «өмір жайлы»,  саясат жайына көше бастады.

Шмон бітті (жалаңаштанып «тұр», «отыр» рәсімі де жасалды). Желдеткішті қайтармады, қалғандары менде, тиым салғандардан басқасы. Бәрі бастыққа кетті.

Жас опер жігіт келді, сөйлесіп отырмыз. Жалпы азаматтық бөліміне келдік. Демократиялық елде «үкіметке қарсы болу» қылмыс саналмайды деп түсіндірдім. Айтпақшы, осылардың бірде біреуі 164-і статья жайлы білмейді, ешқашан көрмеген, оқымаған. «Әлеуметтік араздық» дегеннен тіпті хабары жоқ, түсінбейді. Түсіндіргендей болдым.

Оперлер үшін Назарбаев – ең жалғыз, ең үздік. Тіпті «қағазсыз сөйлейді» деп мақтанып отыр. Қағазсыз сөйлегені есімде жоқ. Айтпақшы, «.. мен сендердің кез келгеніңді қолдарыңнан ұстап сотқа апара аламын» немесе «тәуелсіз БАҚ сол себептен тәуелсіз, себебі олар шешіп тұрған ештеңе жоқ..». Иа, осы сөздерді қағазға қарамай айтқан болатын…

Бұл оперлер президенттің кезінде туды, сол заманда өсті. Оның ойынша одан басқа адамның президент болуына оның санасы жете бермейді. «Жалақыңа қанағаттанасың ба? –деймін. «Жоқ, аз». Неге аз деп ойлайсың? «Экономика нашар». «Мұнай көп, әрі қымбат. Президентіміз күшті – ең үздік, ең жақсы, экономикамыз нашар. Қалай ойлайсың, неге бұлай?». Үндемейді, ойланып қалды, әңгімені басқа жаққа ауыстырды.

Бір жарым сағаттан соң (бұл кезде қараңғы болып қалған) опер мені камераға апарды. Аула арқылы салдырлаған бір басқыштармен қараңғылықта жеттік.

Камера 4х5 метр. Туалеті бар, бірақ нәжіске толған, тесік, суы ағып жатыр, жуатын бачоктің ішкі заттары жоқ. Краны мен қолжуғышы бар, бірақ суы жоқ. Столда су құйылған баклашка тұр. Екі қос сөрелі шконка (темір керует). Матрас-жастық-көрпе. Оларды амалсыздан ұялғаннан төседім, үстін өз жамылғыммен жаптым. Ақжаймасы жоқ, болу болмауы неғайбыл. Өз радиомды қостым, жарықты сөндірдім, міне ғажап, сөндіргіш іште!. Ұйқыға кеттім.

Жарты сағаттан соң біреулер есікті шоқпарымен тарсылдатты, жарықты қос! Қостым. Бақылаушы жарықты сөндіріп әрі кетті. Ұйықтадым. Мүмкіндік бар кезде қараңғыда ұйықтап алғым келді, қанша ай жарықпен ұйықтадым десеңші. Оның үстіне осындай жағдайға жыным келді: унитаз, су, ақжайманың жоқтығы.. Түнде тағы оятты. Үндемей тұрдым, жарықты қостым, сөндірдім. Суық. Радиодан Ақтөбеде плюс  12 деп хабарлады. Суық – бұл нағыз кайф.

Таңертең. Камерада қасық, тостаған, кружка жоқ. Ақжайма мен ыдыс – «положняк» емес пе. Таңертеңгі астан бас тарттым. Қай жеріме құйып аламын, ашулымын. Ішкім келмеді. Баклашкадан су алып шәйнегімді қосып қайнаттым, құрғақ сүтпен кофе іштім. Жазып отырмын, ішіп отырмын. Еденнен, шконкадан жерге бірнеше рет тартылдым. Осындай әдет пайда болды.

Тарсылдаған дыбыс. Аяқпен ұрып жатқан сияқты, есіктің темір сырғымасы сартылдап кетті. Бес адам. Аты, жөнің, статьяң. Тәртіп бойынша айтып жатырмын. Баптың нөмірін айтқан кезімде баяғы көрініс: Бұл қандай бап? Мұндай баппен бізге ешкім келген емес. Түсіндірген болдым. Түсінген сияқты. Суы ағып жатқан унитаз және басқаларды айттым. –Дереу жөндеңдер! – деп үлкені бұйрық берді. Бәрі кетті. Әзірше осы. Бетіңнен сүйдім. Ақтөбе.  18.05.12. Түске дейінгі уақыт. Сағат жоқ.

Сырқаттанып қалған сияқтымын, түшкіремін. Жаңа ғана байқадым, таң қалдым. Камерада екі терезе 0,8х0,8, биік те емес – адам бойының деңгейінде. Терезелерде әртүрлі төрт қатар темір торлар, үшеуі іштен, төртіншісі сырттан. Араларының шамасы 40 см шамасында. Ортасындаи (!!!) кептер ұя салыпты, қазір балапандарын шайқап жатыр. Қандай керемет ырым, бейбітшілік пен еркіндіктің символы. Анда-санда ұшып кетеді, көп ұзамай қайтып келеді. Темір тор – еріксіздіктің басты белгісі көз алдымда. Темір тордағы ұяда өскен балапандар кім болар екен…

Камерада жалғызбын, кездейсоқтық пе екен. Әй қайдам, басқа жағдайлардың да кездейсоқ болғаны ма. Бұл жағдайдың, тағдырдың маған деген ерекше қатынасы, белгісіз қатынасы болса керек.

Кезекші келіп мені «продолдың» аяғындағы басқа камераға ауыстырды. Міне, қызық! Нөмірі отыз, дәл ҰҚК түрмесіндегідей. Екі екі сөрелі шконка, екі адам отыр екен. Руслан және Юра, жергілікті ақтөбеліктер. Екеуі де ұрылар.  Юраныкі ауыр қылмыс, қарақшылық, өлтіру ниеті болған, тағы басқалары бар. Мұнда көп сұрай беруге болмайды. Алтыншы «ходкаға» дайын, енді ерекше режимге, «полосатиктерге» баратын шығар. Сабырлы еркек,  бәсең дауыспен аз сөйлейді. Руслан жастайынан ұры, балалар үйінде өскен, үшінші «ходкасы», апелляцияның нәтижесін күтіп отыр. Камерада су, дәретханасы таза. Шәйнегімді қойдым – нағыз мейрам; мұнда шәйнекті «тефаль» дейді. Көршілеріме артынан келетін адамдары жоқ, сырттан зат келмейді, тек «положнякпен» отыр.

Кіргенім сол екен, Руслан бетіме қарады да, матрасын төменгі сөреден Юраның үстіне жоғарыға ауыстырды. Неге деген сұрағыма, таңдана қарап: сенің жасың үлкен емес пе…

Әңгімелесе бастадық. Юраның үсті көкпеңбек, толған «партак» (татуировка). Жазулары ұрылардың ілімін түсіндіретін жазбалар. Сол иығы – эполет, жауырынында – адамның қолы бар барыс және тағы басқалар.   Олардың мәнін кейін сұрармын. Бұрын қандай болғанын айтып жатыр. Жастайынан бұл жердің мектебінен өткен, көп қызықты біледі.

Камераның терезесінің рамасы жоқ, шынысы да жоқ. Әкімшілікке айтқанбыз бұл жайлы — .. Бұл барлық түрмеде қалыптасқан жағдай: менттер басын изейді де кетеді, ертең тағы қайталанады. Бір нәрсені өзгерту үшін күнде олардың миын жей беру керек, онда да бола ма, болмай ма, белгісіз. Бұдан да жаман камераға ауыстырып жіберулері мүмкін.

Кеш болды. Сөйлесіп отырмыз. Нард ойнаймыз, ол да менікі, өзіммен бірге алып жүрмін. Қол жұмыс емес, дүкендікі, лагерьдікі де емес, сондықтан өзіммен бірге алып жүруіме болады. Әлия үйден әкеліп берген. Түскі тамақ келді, борщ – өте дәмді!!  Бұл жердің тамағы жақсы екен. Кешке радио, «алтын граммофон». Әуеннің астында ұйқыға кетемін. Әзірше, жаным. Сүйдім, кездескенше.

19.05.12. Барлық жердегідей  06.00 ояну, бірақ ешкім құйрығыңнан теуіп оятпайды, өзің оянасың. Түнде камераның лампочкасы жанып кетіпті, қараңғыда ұйықтадық, ешкім мазалаған жоқ, қандай тамаша. Жарты сағаттан соң тексеру. Кезекші, продол және корпус бақылаушысы, бақылаушы. Мен дайынмын, жігіттерім енді оянды. Шконкадан қолымен бәрі жақсы деп көрсетті, лампочканың сөнгенін және терезені айтты да аунап қайтадан ұйқыға кетті. Бақылаушы «Ванек» бар ма? деп сұрап жатыр. Ванек дегені қоқыс екен, оны «баландер» («хозбанданың» сотталған адамдарын осылай атайды. Олардың мерзімі көп болмайды, хозбандада уборщиктер, аспаздар, жөндеушілер. Төменгі кастаға жататындар, оларға менсінбей қарайды, әртүрлі қызметтер жасап бар деп талап етеді, олар бас тарта алмайды, бас тарта қалса бетіне борщты былш етіп төгіп те жібереді). Бақылаушы апарып береді. Шәйнегіміз үшін бізге – сигареттер, «диета» (мұнда өз алдына шамалы сары май, колбаса, қаймақ.. береді екен) келіп жатыр. Сонымен бірге шырын, алма береді екен. Түрме емес, нағыз пионерлагерь. СИ 18 салыстыруға келмейді.  Серік Сапарғали қасымда екен, олар да біздің шәйнекпен шәй ішіпті. Техниканы өзіммен бірге қалдырмай тасып жүргенім дұрыс болды. Шаш алатын машинкамның да пайдасы тиді, түгел шаштарымызды алдық, алып жүретін шүберегіммен еденімізді жуып алдық.

20.05.12. Екінші күн бойы қараңғыда ұйықтап жатырмыз  — лампочка келген жоқ. Тамаша. Таңертеңгі тексерудің алдында әкеліп салды. Жалпы алғанда түрмеде  күн сайын жоспарлы оқиғалар ретімен болып тұрады.

Таңертеңгі тексеруден соң полицей келіп қолындағы дәу ағаш шоқпармен темір торға келді де, бар пәрменімен екі рет періп жіберіп шығып кетті. Темір торды тексеріп жатқаны ғой…

Камерада аздап кір жуып алдым. Мұнда ҰҚК-й монша жексенбі күндері емес, аптаның ортасында, өздері апарады. Мені екінші күні этаппен алып кетеді, «столыпинмен»… Моншаға үлгермеуім мүмкін.

Бүгін белгілі болды, біздің  «продол» (изолятордың бір қанаты) «жабылып» қалыпты.  Енді камералар арасында сөйлесуге болмайды, бақылаушы камераларға барып қамақтағылардың жағдайын біліп тұра алмайды. Продолдың ортасында комитетчик (ҰҚК қызметкері) отырып бәрін бақылап отырады. Менің камералас көршілерімнің ешқайсысы (екеуінің 7 ходкасы бар, бәрі үлкен түрме арқылы) түрмеде мұндай тыныштықтың, үнсіздіктің болғанын білмейді….  ҚР Қылмыс кодексінің  164 статьясы  …  Саяси…

Біздің шәйнегіміз продолмен қатынап жүр. Бақылаушы комитетчик көріп қоймасын деп жан-жағына қарап қояды. Бірақ апарып беріп жүр. Түсінікті жәйт, мен кетемін, ол мұнда қалады, олармен қарым-қатынасты бұзып не қылсын. Біз «шоколадты» болып жүрміз – шәйнекті пайдаланғаны үшін бізге неше түрлі тәттілерді жіберуде. Бұл олардың айтқан рахметтері. Міне, көршілеріме тәтті карамельдер беріп жіберіпті. Олар үшін тіпті мейрам. Мұнда шәйдің үш түрі бар: жәй шәй, «крепак» және «чифирь». «Крепак» өте мықты қайнатылған бірақ кәдімгі әдіспен дайындалған.

«Чифирь» — ерекше шәй. Түйір қара шәйдің бір уысын  бір кружкаға салып әбден қою көбігі шыққанша қайнатады. Сосын он минуттай бетін жауып тұндырады, сонда түбінде жарты кружка ғана чифирь қалады.  Оны кішкентай бір ұрттап  дөңгелетіп бір қолдан екінші қолға жібереді. Көп ұрттасаң қоюлығы, күштілігі сонша,  жүрегің тоқтап қалуы мүмкін.

Осылай бірнеше ай бойы ішсең үйреніп кетесің. Онсыз өмірің өмір болмайды. Тісің қараяды, асқазаныңда жара және тағы басқалар пайда болуы мүмкін. Маған бірнеше рет іш деп ұсынғанына қарамастан ішпеймін, тартпайды.

Юра «түрме тортын» жасаудың рецептімен бөлісіп жүр. Құрғақ нанды үгетіп майдалап ұнтақтайды, сары майды ерітіп қант қосады. Сосын бәрін араластырып негіз жасайды да үстіне қолдарында не бар: кәмпиттер, печенье, құрғақ жемістер, қайнатпа, жаңғақ салады. Торттың формасын жасайды. Қою қантты сүтті қайнатып одан крем жасайды, сосын мұздатады. Дайын. Жас кезімізде түрмеде осылай жасадық дейді…

Кешкі асқа тауықтың сүйектері салынған бұршақ ботқа берді. Тәтті, тостағанымызды толтырып алдық, бұршақ – біз үшін мейрам. Ертең этапқа дайындалмақпын, шашымды алдырамын, басымды жуып заттарымды жинастыра бастаймын. 2 және 30 мамыр күндері Юра мен Русланның туған күндері екен. Қолымда сыйлыққа беруге болатын не бар екен, ойланайын.

Есіктің құлыптары сықырлап кетті, ұйқыға белгі берілгені. Түнде есіктер қосымша ілгектерге жабылады, постағы кезекші кілттерін ауысымның кезекшісіне тапсырады. Болды. Енді ұйықтаймын. Әзірше, сәулем. Ертеңге дейін.

21.05.12. 7:30 шамасы. Оянып тұрғаныма екі сағаттай болды. Қасымдағылар ұйықтап жатыр, себебі кеш түнгі үштер шамасында ұйықтайды, «..түн ұрыларға арналған ..». Таңертеңгі тексеру, бес пе әлде алты адам шамасында: оларды ДПНСИ (дежурный помощник начальника следственного изолятора) дейді. Корпустыкі, постовой, опер, тағы бір штатты. Юра мен Руслан ештеңені естіп жатқан жоқ. Оларға бастарыңды бері бұрыңдар деп жатыр, дендері сау ма, көру үшін. Құдайға шүкір, ҰҚК департаментінің тергеу изоляторы емес, әйтпесе баяғыда бүкіл ауысым болып жабылып таяқпен сабап тастар еді.

Тексеру бітті, бақылаушы «теріскей» қалай деп сұрап жатыр. Дәретхананы, яғни «пятакты» айтқаны. Тексеру бітті, барлығы кетті, бақылаушы «теріскей» қалай?» дейді. «Теріскей» дегені «пятак» немесе дәретхана. Дереу мына жаңа сөзді жадыма сақтап жатырмын. Қаншама жаңа сөздер сөздік қорыма еніп жатыр. Олардың қайсысы өткен өмірімнен, қайсысы мына өмірімнен, араласып шатасып та қалып жүрмін. Біздің «теріскей» жақсы қалыпта, солай болуы да тиіс, бас бармағымды көрсетіп жатырмын, — «Ванек» бар ма? – Иа, «теріскейде», қазір алып шығамын. Бірден түсінікті. Камерадан қоқыс салынған пакетті алып шығып «продолдың» қабырғасына қойдым – «баландер» өзі алып кетеді.

Есіме бірдеңе түссе сыртқа жіберетін заттар тізіміне жазып қоямын, ұмытпас үшін. Сосын Ақтауда дайын болған соң беріп жіберемін. «Положняк» емес тамақтарды сағынып жүрмін..

Шимай сөздеріме кешірім сұраймын. Камерамызда ешқандай «баркас» жоқ, реті келген жерде жаза беремін. Еденде газеттер жайылған, біздің жиналмалы «дастарханымыз». Юра мен Русланға ешқандай сырттан зат келмейді, сондықтан едендегі «дастарханымыз» бай емес. Қант беріледі, ол «положняк», оған менің шәйім, кофе, сарымсағымды (кофе кеше таусылды) қосамыз. «Менің» дегенім жәй сөз, таусылып жатыр, қалғандары ортақ. Осылай еткен әділ және дұрыс болады. Мұндай шектеулі жерде ұзақ өмір сүруге тура келген кезде өзімдікі дегеннің барлығын (қабілетің, зеректігің, қасиеттеріңді де) бір жерге салған  жөн. Бұл өмір мектебі, оны сырттай оқып үйрене алмайсың.  Міне солардың барлығын жеке басыңнан атқарып шыңдалып әрі қарай пайдалана беретін боласың.

Тереземіз серуен ауласына қараған. Серуенге барлық камералардың адамдары шығарылады, кезекпен, бір сағат, бір жарым сағатқа. Осы уақытта радио, музыкалық бағдарламалар  бар даусымен қосылып қойылады. Әдейі жасайды, серуендеп жүргендер басқа «хатаның» адамдарымен сөйлесе алмасын дегені. Біз де өзіміздегі радионы сол толқынға қойып «стерео» тыңдаймыз… Осылай күніне үш сағат, күн сайын.

Терезенің рамасындағы әйнегі әлі күнге дейін жоқ. Менің жігіттерім «..ағаш ұстасының  пульты жоғалған екен, таба алмай жүр» дейді. Күлкі – өміріміз үшін ең қажет нәрсе, күлкімен оңай өмір сүреміз.

Кеше Юрадан оның «партактары» (денесіндегі суреттердің мәні жайында) жайлы сұрадым.. Қазір 31-і камерадағы көршілерім үшін су қайнатып беремін (бақылаушы олардың істен шыққан шәйнегін  ыдыс орнына әкеп берді). Ыдысына қайнаған су құйып беріп жіберемін, сосын жазамын…

Бәрін орындадым, енді жазайын. Екі мысық иығында, цилиндрмен тұр: Бұл сурет Түрменің Ежелгі Тұрғыны дегені, бірнеше рет сотталған «ходоктың» белгісі. Юра ұры емес, ол бандит, қарақшы. Маманданған саласы – «гоп-стоп», тонау, қарақшылық, күш қолдану. Ұрылар денелеріне «ұрылардың жұлдыздарын» салады, олар көп сәулелі, жұлдыздың ұштары істік, әдетте оңтүстік пен теріскейдің белгілерін салады…

Сол жақ иығында аксельбант, оның шнурлары алдына, артына және екі бүйіріне түсірілген. Иығының үстінде свастикасы бар погон. Бұл белгі – аяусыз зорлық жасауға қашан да дайынмын дегенді білдіреді. Сол жауырынында өте күрделі суретті салыпты, адамның денесінен шығып жатқан айдаһар. «Енді жаным ішімде өмір сүрмейді…» дегені.

Екі қолының ішкі тұстарында тыртықтар, білезік тұсынан шынтақтарына дейін, әрбір екі сантиметр сайын; ішінде үлкен тыртық.. Өзі «ішін жарған», қолын, қарнын кескен. Статьялары Қылмыс кодексі бойынша  – 103 (денсаулығына ауыр зиян жасау), 178, 179 (тонау, қарақшылық).  «Ұрылық жанрдың» классикасы… Юрамен сөйлесу қызық. Ешқандай «феняларды» орынсыз қолданбайды, блатпен сөйлеу жоқ, қарапайым және түсінікті.

Таңертеңгі тамақты 6:30 шамасында әкеледі, көршілерімнің ешқайсысы қандай тамақ берілгенін білмейді, бұл кезде ұйықтап жатады. Түскі астың берілуі кейде 16 дейін созылады, кешкі ас сағат 18-е. Ең бастысы түскі асқа дейін шыдау. Біздің едендегі «дастарханымызда» қазір жартысы жұлмаланып желінген түрменің наны, бірнеше «понтишектер», шәй және бір-екі бас сарымсақ. Өлмеспіз.

Ұйықтар алдында менің көршілерім  — этап жайлы (оны ертең күтіп отырмын) бұл жердегі тәртіп бойынша түнгі сағат 12 хабарлайды дейді. Қызық тәртіп екен. Несін күтемін түнгі 12-і, қажет болса хабарлар. Сүйдім, сәулем. Кездескенше.

«Сапарғали екеуміз бір камерада»

22.05.12. Түнде келген жоқ, таңертең де ештеңе айтқан жоқ. Таңертең жаттығу жасадым – төменгі шконкада жатып еденнен тартылдым, қолмен тартылдым… Соңғы айлары осындай жаттығуларды әдетке айналдырдым. Бақылаушы есікті бір қағып, моншаға дайындалыңдар деді. Күтпеген тәуір жаңалық… Топырлап дайындалып жатырмыз, этапқа, моншаға.. Этапқа шығу сағат 12-30 деп хабарлады. Моншаға түсуге үлгерер ме екенмін.. Этапқа дайындалып жатырмын; тағы да шмон, автозак, столыпин.. Әзірше, сүйдім… Келе жатырмыз.. Тез болғаны сонша, аяқ астынан, қалай болғанын енді жадыма түсіріп жатырмын.

Айтпақшы, моншаға түсіп үлгердім – ура!!!  «Тефальды» Юра мен Русланға қалдырдым. «Продолда» жалғыз ғана, біраз адамға пайдасы тисін… Шәйнек үшін камераластарыма көршілерден «понтишек», темекі, тәттілер жіберіп тұратын болады…

Этапқа жолға алып шығуға  тамақ қалмады. Бар болғаны – шәй, қант, бір уыс түйіншек қара изюм (Алматыдан қалған). Ыдысым да, қасығым да жоқ, су құйып алатын баклашкам да жоқ. Жарайды, өлмеспін.

Төмендегі адамдарды жинайтын және тінтетін бөлмеге түсірді. Сол жерден Сапарғалиды көрдім. Бірнеше минут бір жерде болдық, «пятактың» жағдайы бұрынғыша.. Қош иіс ароматы қолқаны жарады. Бір рота солдат жағалай бір жерге тышып кеткен сияқты….

Сапарғали екеумізді екі адам жинайтын бөлмеге бөліп  жіберді. Мен бөлмеде жалғызбын, (кейін білдім, Сапарғали да жалғыз  болыпты). Екеуміз де ҰҚК сызып берген тапсырма бойынша «жетектеліп» бара жатырмыз. Оған еш күмәнім жоқ. Полицияның күрт өзгерген тәртібі мен мінезі осыны аңғартады.

Кірдім, мені кірген кезімде тінткен офицерлердің бірі сәттілік тіледі. Қарауылдың бастығы тінтудің алдында кешірім сұрады, — бұл Ақтөбе-Маңғыстау конвойы.

Автозакта жақын ағайын сияқты қабаылдады: «Сәлем, Володя». «Прогон» жақсы істеп тұр, «курсовка» жақсы тараған. Серік Сапарғали екеуміз бір автозактамыз. Көңілі сергек, өзін жақсы ұстайды. Жарайсың, таң қалып отырмын.

«Столыпин» — іштегі «хаталары» таза, қоқыс салатын қапшықтарды таратты.  Конвой — жасы үлкен жігіттер, контрактниктер. Бәріне бірдей, тең көзбен қарайды, сыпайы. Серік екеуміз бір «хатадамыз», екеуміз ғана, басқалардан бөлек.

Кең отырмыз. Өте ыстық. Серіктің су құятын литрлік баклашкасы, қасығы, алюминий тарелкасы бар екен. Ақтөбедегі шмонда желдеткішімді қайтарып берді. Бірақ оны қосатын жер табылса…

Келе жатырмыз, денеміз бір біріне жабысып теріміз ағып келеді, ысып барады…  Өзара сөйлесіп келеміз, басқалармен дауыстап сөйлесеміз. Біздің вагонда екі жас қыз келе жатыр, «кәмелетке толмаған» топтан енді ересектер  лагеріне ауыстырылған. Біздің жас жігіттер жас қыздармен қызу әңгімеге көшті. Қыздар бөлек  үш адамдық б/с хатада. Кәдімгі камераның жартысы, бірінің үстіне бірі қойылған  үш сөре. Бүкіл «столыпин» болып сөйлесіп келеміз. Бәрі де көңілді.

Кеш болды, тамақ жегіміз келді. Конвой майға қуырылған табан балықтың екі банкісін берді. Аты әдемі болғанымен дәмі онша емес. Исі тартпайды, балықты батпақ көлден ұстап сол күйі банкіге жаба салған сияқты. Бірақ ештеңе қалдырмай нан (екі бөлке берді) қосып жеп алдық (ашпыз ғой). Банкілерді қайнаған сумен жуып кружка есебінде пайдаланатын боламыз. Жалпы, қаңылтыр банкіге рұқсат жоқ (өз денесіне қол салулары мүмкін). Тәртіп бойынша конвой  банкіні өзі ашып ішіндегісін тостағанға төгіп банкіні алып кетеді. Бізге рұқсат етілді. Сірә, біз Сапарғали екеуміз өздерін «кесетіндерге» ұқсамасақ керек…

Дәретханаға апарған кезде сүлгімді сулап алдым. Іші тап-таза, су жақсы ағып тұр. Сүлгіні сыққан жоқпын, үсті-басымды, денемді  сүртіп, денемнің тер ағып жабысқан жерін сулап отырмын. Көмегі бар. Түнгі екіге таман салқындады, сосын ғана ұйықтадым.

23.05.12. Таңертең.  Жүріп келеміз. Біздің газеттеріміз хаталарға тарап кетті, Жаңаөзенге байланысты сот залынан мақалаларды оқып жатыр. Сапарғали екеуміз әртүрлі саясат тақырыбын қозғап келеміз. Өз істеріміз (екеуміз подельникпіз) жайлы айтып жатқан жоқпыз. Не айтары бар, тергеу  кезінде барлық шындықты айттық. Мен мысалы тергеуші Шәйкенге айттым – бізге қорғану оңай, себебі қалай болды, солай айтамыз. Оқиғаның болғанын жасырмаймыз, бірақ біздің саяси іс-қимылдарымызды қылмысты деп санағандарымен келіспейміз. СС бұрын оқымаған менің газеттерімді оқып отыр.

Өте ыстық. «Хаталардың» терезелері жоқ, үш жақтан бітеу қабырға. «Продолдағы» терезелер 10-15 сантиметрге ғана ашылған, ауаны тартпайды.

Конвойдың адамдары да біздің газеттерді оқып отыр, бізге көзқарасы жаман емес. Бірнеше рет туалетке алып барады, жуынуға рұқсат етіп, су әкеліп береді. Суды дәретханадан «ішуге емес» деген жазуы  бар жерден аламыз. «Столыпинде» басқа су жоқ.

Екі жасөспірім, Қазкомда істеген ер және қыз бала, Атыраудан түсті. Тағы екі жасөспірім бізбен бірге Ақтауға бара жатыр. Біреуі Ақтаудан, екіншісі Жаңаөзеннен. Оларға Ақтауда тұрған жерінен Атырауға жалпы режимдік лагерьге жолдама береді; Ақтау мен Жаңаөзеннің лагерьлері қатал режимді. Жаңа ғана жанынан өткен Атырауға қайтып келеді. Осындай Жүйе. Сол құжаттарды алдын ала дайындап қоюға болар еді ғой, жас балаларды олай да бұлай мынау ыстықта азаптағанша. Бірақ Жүйе адамдарды адам деп санамайды, олар өздеріне және Жүйеге ғана ыңғайлы жағын ойлайды.. Айтпақшы «столыпиннің» конвойы сыпайы,  адамдар шулап жатқан жоқ, конвойдың адамгершілік қатынасына халық та тиісінше қатынас  көрсетіп тәртіпті келе жатыр.

Құлсарыға жеткен соң біздің «столыпинді» тепловозға тіркеді, енді түтін мен оның жаман иісі — біздікі. Жүріп келеміз, жүріп келеміз. Әзірше, менің сәулем. Біздің адамдарға, жақсылықпен есіне алып жатқандарға, түсінушілерге сәлем. Біз үшін, алыста жазықсыз жапа шеккендерге бұл өте маңызды.

Жақын уақытта Ақтауға, менің кіші отаныма жетеміз. Сол жақтан Ақтау түрмесіне дейін осы хатты «зытыртып» жіберсем деймін. Әзірше кездескенше. Сенің Володяң.

Spread the love

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Please enter your comment!
Please enter your name here

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.